Өскеменде пробациялық бақылаудан жалтарған 50 адам түрмеге қамалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында пробациялық бақылаудан жалтарған 50 адам темір торға қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы жүргізілуде. Соның аясында Өскемен қалалық пробация қызметінің мамандары тұрғылықты мекенжайы бойынша есепте тұрған 140-тан астам сотталғанды тексерді.
Инспекторлар пробациялық бақылау тәртібін бұзғандарға бірінші кезекте сағат 22.00-ден келесі күні таңғы 06.00-ге дейін тұрғылықты жерінен шықпау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұзушылық қайталанған жағдайда сол адамға жаза түрі бас бостандығынан айыруға ауыстырылатындығы туралы қатаң ескертіледі.
«35 жастағы Өскемен тұрғыны сот шешімін орындау туралы талаптарды бірнеше рет елемеген. Пробация қызметіне кезекті тіркеуге келмеген оның достарымен қоғамдық орында алкогольді ішімдік ішкені белгілі болды. Сондықтан бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру үшін тиісті материал сотқа жіберілді», - деді Пробация қызметі басқармасының басшысы Мақсат Манарбеков.
Айта кетейік, жыл басынан бері шаһар бойынша пробациялық бақылаудан жалтарған 50 адам түрмеге қамалған.