Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өзбекстан Жоғарғы соты ақтаған 115 «басмашының» тізімі жарияланды

2021 жылдың 23 қыркүйек 2021 14:46

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанның Жоғарғы соты Совет кезінде сотталған басмашылық қозғалысы мүшелерінен 115 адамды ақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ӨзА-ға сілтеме жасап.

Өткен ғасырдың 30-жылдарында Орта Азияда советтерге қарсы Басмашылар қозғалысы кең қанат жайған. Ферғана ойпаты мен Бұхара айналасында Ибрахим лақай, Мадаминбек, Көр Шермат, Хорезм-Түркіменстан өлкесінде Жөнейіт хан есімдері КСРО тарихында аса жеккөрушілікпен тілге алынатын. Соңғы кезде Орта Азияда, әсіресе Өзбекстанда басмашылық қозғалысы өкілдеріне Ұлт азаттық көтерілісі қаһармандары ретінде баға беру көзге түсе бастады. Алайда, олар әлі ресми тұрғыда басмашы деп таңбаланған-ды. Көптеген тарихшылар жаңа көзқарасты қолдап шықты.

Өзбекстан Жоғарғы соты қоғамдағы жаңа көзқарастарды ескере отырып, 1930 жылдарда басмашылық айыбымен сотталған 115 кісінің ісін қайта қарап шықты және оларды ақтады.

Кеш те болса, ақталғандар қатарында 1889 жыл Тәжікстанның Лақай-Тәжік уәлаяты, Көкташ ауылында дүниеге келіп, 1921-1926 жылдарда Шығыс Бұхарада басмашылық қозғалысын басқарған Ибрахим лақай Чақабаевтың да есімі бар.

Жоғарғы сот жариялаған тізімге қарасаңыз, ерекше бір жайт назар аудартады. Ақталғандардың ұлты жазылған графада бірнеше адамның тұсында «қыпшақ» деген жазу тұр. Айта кетерлігі, XIX ғасыр соңында Ресей Империясы өткізген халық санағында Ферғана қыпшақтары өз алдына жеке ұлт ретінде есепке алынғаны тарихтан белгілі. Бұл деректі де соның бір айғағы ретінде қарауға болады.

Тізімде 20-боп тұрған кісі жайлы: «Хасанбай Рузматов-42 жаста, Касансай ауданы, Рават ауылы тұрғыны, қыпшақ, байдың ұлы...», - деп жазылған. Тізімде мұнан басқа да қыпшақтар баршылық.

Өзбекстан Жоғарғы сотының мәлімдеуінше, басмашылық қозғалысының өкілдері 115 адаммен шектеліп қалмайды. Көптеген сотталғандардың ісі қайта қаралып, ақтау шаралары жалғаса бермек.


Жоғары қарай