Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өзбекстанда коронавирус вакцинасын салу міндеттелді

2021 жылдың 18 шілде 2021 13:34

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстанда коронавирусқа қарсы арнайы республикалық комиссия бірқатар санаттағы азаматтарға вакцина алуды міндеттеу жөнінде шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы» туралы заңға сәйкес, Өзбекстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері қоғам үшін қауіпті инфекциялық жәнпе паразитарлық аурулар пайда болып, елде тараған жағдайда санитарлық және эпидемияға қарсы тиісті шараларды жүргізу жөнінде шешім қабылдауға құқылы.

«Аталмыш заңның 30-бабында эпидемияға қарсы санитарлық-гигиеналық шаралар өткізу және аурудың алдын алатын екпе салу секілді іс-қимыл кешені қарастырылған. Осыны ескере келе Өзбекстанның бас санитар дәрігері, санитарлық-эпидемиологиялық игілік және қоғам денсаулығы қызметінің бастығы Баходир Юсупалиев коронавирусқа қарсы вакцина салдыруды міндеттеу жөнінде шешім қабылдады» делінген хабарламада.

Қабылданған шешімге сәйкес 18 жастан асқан белгілі бір санатқа жататын азаматтар үш дозалы екпені салдыруға міндетті.

Аталған азаматтар 1 қыркүйекке дейін - вакцинаның бірінші компонентін, 1 қазанға дейін - екінші, ал 1 қарашаға дейін - үшінші компонентін ектіруге тиіс.

Екпе салдыруға міндетті азаматтар тізімі:

- халықпен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейтін қызмет көрсетуші мекеме қызметкерлері (пошта, банк, лизинг компаниялары, нотариус, сақтандыру компаниялары, сұлулық салондары, шаштараз және басқалар)

- сауда нысандарының жұмысшылары (азық-түлік, тұрмыстық тауарлар, киім дүкендері, дәріхана және басқа)

- спорт мектептері мен спорт құрылымдарының қызметкерлері

- мәдени ойын-сауық мекемелері мен демалыс базасының жұмысшылары

- қонақ үй, хостел, жатақхана және кемпинг қызметкерлері

- жолаушы тасымалымен айналысатын мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері

- білім беретін мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме қызметкерлері

- әскери қызметкерлер

- кафе, мейрамхана, шайхана, тойхана секілді қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысшылары

- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері

- байланыс және телекоммуникация саласының қызметкерлері

- мемлекеттік билік және басқару органдары қызметкерлері

- құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Еске сала кетейік, 28 маусымда Өзбекстанда карантин шаралары күшейтілген болатын.

Жоғары қарай