Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пандемия астық экспортына бөгет бола алмайды

2020 жылдың 6 қараша 2020 11:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елдегі пандемия жағдайына қарамастан көктемгі егін егу науқаны ойдағыдай жүргізілді. Соның нәтижесінде, астықтың шығымы мен сапасы жылдағыдан жоғары болды. Қамбамыз астыққа толды, дихандар да маңдай тердің ақталғанына марқайды. Мемлекет биыл шаруалардың қаржы, жанармай, тыңайтқыш және басқа да қажеттіліктеріне дер кезінде қол жеткізулерін қамтамасыз етті. Барынша жеңілдіктер жасап, қолдау көрсетті.

Бүгінгі таңда республика бойынша 15 768,4 мың гектарға егілген дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл жалпы өнім жинау алаңының 99,9%-ы. Орташа өнімділік гектарына 13,1 центнерден айналып, 20,7 млн. тонна астық жиналған.

Жиналған астық ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға еркін жетеді. Биыл бидайдың сапасы жоғары болғандықтан сыртқы сатып алушылардың алдында еңсеміз тік әрі еркін саудаласа аламыз. Бұл үлкен нәтиже. Мәселен, еліміздің астық пен ұн экспорты жоғары көрсеткішке жетті. Қазан айында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның деректері бойынша Қазақстан шетелге 862 мың тоннаға жуық астық пен ұн сатқан. Оның ішінде 617 мың тонна бидай, 164 мың тонна ұн және 9,7 мың тонна арпа бар. Бидай мен ұнның басым бөлігін Өзбекстан (327,6 мың тонна), Ауғанстан (230,3 мың тонна) және Тәжікстан (150,5 мың тонна) сатып алыпты. Арпаның барлық көлемі дәстүрлі түрде Иранға экспортталған. Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл еліміздің диқандары жоғары сапалы өнім жинағанын айтқан болатын. Қазіргі уақытта коронавирус пандемиясы үлкен жобалардың іске асырылуына бөгет болып отыр. Бірақ, министр еліміздің астық пен ұнды сатудағы экспорттық стратегиясы бұған бола өзгермейтінін мәлімдеген еді. Стратегия жүзеге асып жатыр.

Ал, арпа, сұлы, жүгері, күріш, қарақұмық, тары және тағы басқа да дәнді дақылдардың экспорты 2020-2021 маркетингтік жылдың 4 айында 98 мың тоннаны құраған. Оның ішінде 76 мың тонна арпа Иран еліне жөнелтілді. Бидай мен бидай ұнының басым бөлігі биыл Орталық Азия елдеріне сатылыпты. 1 млн 293 мың тонна Өзбекстанға, 406 мың тонна Тәжікстанға жіберілді. Қырғызстанға 38, Түркіменстанға 11 мың тонна экспортталған. Биыл 1 шілдеден бері Ауғанстанға 593 мың тонна, Қытайға 194 мың тонна өнім экспортталған. Аталған елдерге экспорт қарқыны жоғары көрсеткішпен тіркелгенімен, биылғы маркетингтік жылда Әзербайжанға, Иранға және Ресейге бидай мен бидай ұнын сату серпінінің төмен екені байқалады.

Соңғы жылдары Грузияға астық пен ұн сату көлемі төмендеген. Бұл ел 2014 жылға дейін басымдыққа ие нарықтар қатарына кірген болатын. Өткен маркетингтік жылда Қазақстан Грузияға бар болғаны 2,6 мың тонна астық пен ұн сатса, биыл отандық өнім мүлде экспортталмаған. Ал, соңғы жылдары Ауғанстан мен Қытайға Қазақстанның ұн экспорты артқан.

Нарық қатысушылары үшін Қазақстан арқылы өтетін астық пен ұн транзитінің көлемі туралы ақпарат та маңызды. Биыл шілде айында республика аумағы арқылы басқа елдерге 17,4 мың тонна, тамызда 32,8 мың тонна, қыркүйекте 25,5 мың тонна, қазанда 25 мың тоннадай астық жеткізілді. Шамамен 42 мың тоннаны Қырғызстан Республикасы алды. Бидай ұны транзитінің серпіні шілдеде 9,6 мың тонна, тамызда 11 мың тонна, қыркүйекте 8 мың, қазанда 12 мың тонна болды. Жүктердің көп бөлігі, яғни 48 мың тоннасы Ауғанстанға жөнелтілген. Астық эквивалентіндегі астық пен ұнның жалпы транзиті 160 мың тоннаға жетті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 3 қараша күні БҰҰ-ның Еуропаға арналған азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы өңірлік конференциясының 32-сессиясында министр Сапархан Омаров коронавирус пандемиясына, локдаунға және осыған байланысты шектеулерге қарамастан, Қазақстан көрші елдерге азық-түлік жеткізуді жалғастырғанын, соңғы 8 айда ШЫҰ елдеріне 1,3 млрд доллар азық-түлік жөнелтілгенін, ал өткен жылы бидай мен ұн экспорты есебінен Қазақстан 45 миллионнан астам тұрғынға азық жеткізгенін айтқан болатын. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі көрші елдердегі сұраныстың өсуін ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарлары мен азық-түлік өнімдерін өндіруді ұлғайту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Сандық көрсеткіштер ғана емес, өнім сапасы да маңызды екенін еске салған еді, министр.

Еуропалық комиссияның ресми деректері бойынша, экспорт көлемі бойынша Қазақстан Еуропалық Одақ елдеріне органикалық агроазық-түлік өнімдерін жеткізетін 123 елдің ішінде 9-орында. Ал органикалық бидай мен майлы зығыр тұқымын сату бойынша республика абсолюттік көшбасшылар қатарына кіреді.

Жоғарыда аталған сандар мен сапаға қатысты көрсеткіштерді бұдан да жоғары деңгейге жеткізуге еліміздің, жеріміздің мүмкіндігі жеткілікті. Қазақстан аграрлы мемлекет. Елбасы да, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та шикізатқа иек артуға, сенуге болмайтынын айтып-ақ келеді. Біріншіден, осы ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдауларды аямай, барлық мүмкіндікті пайдаланған абзал. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, терең өңдеу жобаларын жүйелі түрде қолға алсақ, мұртымызды балта шаппасы анық. Халықтың да қарны тоқ, сыртқа да астығымыз бен өнімімізді экспорттап, экономикамыздың бір бүйірін бүтіндер едік. Түбі осы бағытқа ойысамыз. Біздің таза экологиялық өнімдерімізге сырттан келер сұраныс артпаса кемімейтініне күмән жоқ.


Жоғары қарай