Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пандемиядан кем дегенде 800 мың қазақстандық кәсіпкер зардап шекті - Мәулен Әшімбаев

2020 жылдың 4 желтоқсан 2020 10:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бизнесті қолдауға қатысты жүйелі жұмыстарды әрі қарай да жалғастырудың маңызы зор. Бұл туралы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгін аса маңызды саланы қарап, талқылау үшін жиналып отырмыз. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының өсімін және оның тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. Қазіргі уақытта бұл мәселенің маңызы бұрынғыдан да арта түсті.

Пандемия бірқатар салаға, оның ішінде шағын және орта бизнеске де өз зардабын тигізді. Көлік, сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, қонақ үй және жылжымайтын мүлік бизнесі айтарлықтай шығынға ұшырады», - деді М. Әшімбаев Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты және құқықтық реттеуді жетілдіру тақырыбындағы Парламенттік тыңдауда.

Осы орайда Сенат Төрағасы пандемиядан кем дегенде 800 мың қазақстандық кәсіпкер зардап шеккенін жеткізді.

«Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпорындар шамамен 3 миллион 300 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр.

Бұл экономикалық белсенді халықтың 39 пайызын құрайды. Сондықтан осы саланың әлеуметтік маңызы өте зор. Шағын және орта бизнес Мемлекет басшысының басты назарында. Президентіміз биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде кешенді қолдау шараларын ұсынды», - деді ол.

Пандемияға байланысты жеңілдікпен берілетін несие көлемі айтарлықтай ұлғайды. Несие төлемін 6 пайызға дейін төмендету үшін мемлекеттік субсидия беріліп жатыр.

«Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алғаны үшін төленетін жалдау ақысы жыл соңына дейін тоқтатылды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық жеңілдетілді. Салық кодесіне бірқатар маңызды түзету еңгізілуде. Шағын және орта бизнесті екі жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босату ұсынылды. Президент тапсырмасы бойынша табыстың 3 пайызы көлемінде бөлшек салық енгізілетін болды. Осы және басқа шаралар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз», - деді Сенат Төрағасы.


Жоғары қарай