Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пандемияны еңсеру үшін фармацевтика саласында бірлескен жоба қажет - Президент

2021 жылдың 14 қазан 2021 17:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ елдері пандемияны еңсеру үшін фармацевтика саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруы қажет. Бұл туралы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемиямен күрестегі айтарлықтай табыстарға қарамастан елдер әлі де күрделі жағдайда тұр. Коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуына және азаматтардың вакцинациялануының жеткіліксіздігіне байланысты айтарлықтай тәуекел сақталып отыр. Өздеріңізде білетіндей, Қазақстан Ресей Федерациясымен қатар өзінің QazVac вакцинасын әзірлей алды. Ол қазіргі уақытта Қазақстанда белсенді түрде қолданылып жатыр. Бүгінде оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу процесі жүріп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті пандемия кезінде Қарағанды қаласындағы зауытта Ресейдің «Спутник V» вакцинасын өндіру жобасын интеграциялық ынтымақтастықтың ерекше үлгісі деп санайтындығын баса айтты.

«Мұнан ары да пандемияны табысты еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіріп, ғылым мен фармацевтика саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, қажеттілік туындаған жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық режим орнату іс-әрекеттерін үйлестіру керек», - деді Мемлекет басшысы.


Жоғары қарай