Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Парламент сайлауы елімізде саяси плюрализмді дамытуға алғышарт болмақ - Ерлан Саиров

2020 жылдың 21 қазан 2020 09:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауы халқымыздың ынтымағы мен бірлігін арттыра отырып, елімізде саяси плюрализмді дамытуға алғышарт боларына сенетінін айтты. Еске салайық, Мемлекет басшысы бүгін Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басты айта кететін мәселе – 2004 жылдан бастап Парламент сайлауы конституциялық мерзімде тағайындалып отыр. Бұл аспект еліміздегі қоғамдық саяси процестердің болжамдылық деңгейін арттырары сөзсіз. Сонымен бірге Ұлттық кеңес аясындағы ел Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынған саяси реформаларының бірінші пакеті өзінің жемісін берері анық», - деді ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде сарапшы.

Ерлан Саировтың айтуынша бұл іс-шаралардың арасында барлық деңгейдегі мәслихаттардың қатары 30 пайыздық квота аясында жастар мен әйелдермен толықтырылатыны белгілі.

«Nur Otan партиясының праймеризінің қорытындыларына сүйенсек жастар мен әйелдердің саны мәслихаттарда 50 пайыздан асып кететіндей көрініп тұр. Осы аспект аудан, облыстық деңгейде жастардың санының көбейіп, аймақтық дәрежедегі қоғамдық-саяси процестер пайда болатыны анық. Бізде саяси реформалар тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында жүруі тиіс деген жаңсақ пікір бар. Ал негізінде саяси реформалар аймақта жүруі тиіс. Ол үшін жергілікті мәслихаттар жаңарып тұруы керек. Сол органдарға принципті позициясы бар, әкімдерге өзінің ойын ашық айта алатын, қоғамдық күш-жігері мол азаматтар келуі керек. Сол кезде елімізде эволюциялық дамуға сәйкес, жаңа күштер келіп, еліміздің аймақтарында әлеуметтік трансформация жүреді», - деді ол.

Сарапшы осы процестерге қазір алғышарт жасалып отырғанын жеткізді.

«Мәжілістің өзінде парламенттік оппозицияның жұмысын дамыту үшін көптеген мәселе қарастырылған. Осы аталған аспектілер еліміздің саяси процестерін эволюциялық түрде бірте-бірте өзгертуге іргетас жасайды. Біз тұрақсыз әлемде турбулентті заманда елімізде тұрақтылықты сақтап отырған елміз. Демократиялық процестер керек. Дегенмен ол процестер еліміздің тұтастығы мен ынтымақтастығына залалын тигізбеуі тиіс. Сондықтан бұл сайлау халқымыздың ынтымағы мен бірлігін арттыра отырып, елімізде саяси плюрализмді дамытуға алғышарт боларына сенеміз», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялаған болатын.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды», - деді Президент үндеуінде.



Жоғары қарай