Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында 200 мың гектар суармалы жерді іске қосу жоспарлануда

2020 жылдың 7 тамыз 2020 14:38

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысына жұмыс сапары барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірдегі егістік жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ететін нысандармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, министр Сәтбаев атындағы каналдың суторабындағы бөгетті қайта құру, Май топтық су құбыры, «Ертіс-Успенка» каналының суармалы учаскесі, сондай-ақ 1800 гектар «Андас» шаруа қожалығының суармалы алқабын іске қосу жобасы нысандарын аралады.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы жерлерін суармалы сумен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыс жүргізілуде.

«Мәселен, біз болған соңғы нысан - қайта жөнделіп жатқан «Ертіс-Успенка« каналының суармалы учаскесі. Бұл канал 2021 жылдың аяғына дейін күрделі жөндеуден өткеннен кейін 10 мың гектар жаңа суармалы жер енгізіледі. Бұл ауқымды жер. Облыстағы түрлі аудандарда басқа да жобалар бар. Жалпы өңірде 10 жыл ішінде суармалы жер көлемін қазіргі 56 мың гектардан 200 мың гектарға жеткізу қажет», дейді министр.

Бүгінде ауыл шаруашылығында 2,5 млн гектар игерілетін жер бар. Бұл ретте облыстағы барлық өнімнің 50%-і 56 мың гектар осы суармалы жерде өндіріледі.

«Тиімділігі көрініп тұр. Сондықтан мемлекет жаңа суармалы жерлерді енгізуге, қолданыстағы суару жүйелерін қайта жөндеп, жаңа нысандар салуға едәуір қаражат бөлуде», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Жоғары қарай