Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында 340 мектеп жұмысын бастауға рұқсат алды

2021 жылдың 20 тамыз 2021 21:55

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында мектептердің дәстүрлі форматта жұмыс істеуге дайындығы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында алдағы оқу жылының мәселелері талқыланды.

Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, биыл Павлодар облысының мектептері 114,1 мыңға жуық баланы қабылдайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мың оқушы көп. Бірінші сыныптардың партасына 11 508 оқушы отырады.

«Биыл Білім күні ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. 1 қыркүйек күні санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қатысушылардың санын шектеу арқылы барлық мектептің бірінші сынып оқушылары үшін «Кел, балалар, оқылық!», 2-11 сыныптардың білім алушылары үшін бекітілген кабинеттерде «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында республикалық сынып сағаттары мен ашық сабақтар өткізіледі. Мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен баруға рұқсат етіледі» , - деп атап өтті Дінислам Болатханұлы.

Санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептерде күнделікті таңертеңгі фильтр, желдету, кварцтеу, дезинфекциялау және дымқыл тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық оқу орындарының педагогтары мен техникалық қызметкерлері Ashyq бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.

«Мектептерге алты күндік оқу аптасына көшуге рұқсат етіледі. Жұмыс тәртібі бойынша шешімді оқу орындарының басшылығы, қамқоршылық кеңестері және ата-аналар қоғамдастығы өздері қабылдайды. Мұғалімдер мен оқушылар үшін бетперде режимі сақталады, мектепке бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынады» , - деді білім басқармасының басшысы.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов әрбір оқу орнында эпидемиологиялық режимді сақтауға назар аударды. Бүгінгі таңда эпидемиологтардың мониторингіне жататын 352 мектептің ішінде 340 мектеп мамандардың жұмысты бастауға рұқсат беретін қорытынды алды. «Оқу процесінің басталуымен оқу орындарын жекелеп тексеру қажет. Барлық сақтық шаралары қабылданғандығы түсінікті, бірақ олардың қаншалықты сақталатынын білу керек. Қауіпсіздік мәселесі балалар, мұғалімдер, ата-аналар үшін де өте маңызды», - , - деп мәлімдеді өңір басшысы.

Мектептерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Қазіргі кезде барлық оқу орындарының 15%-ы әлі де дабыл түймесімен жабдықталмаған. Бұл облыстық бюджет нақтыланғаннан кейін жойылады. Сонымен қатар, мектептердегі вахтер арнайы күзетке ауыстырылады.

Мысалы, Павлодардағы 158 білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігіне күзет агенттіктерінің қызметкері жауап береді. Бұл тәжірибені басқа қалалар мен аудандарға тарату үшін арнайы ұйымдар жетіспейді. Қазіргі таңда облыс бойынша тек 9 лицензияланған күзет агенттігі жұмыс істейді.

Әбілқайыр Сқақов бұл жағдай кәсіби ортаны қалыптастырып, ұсынылатын қауіпсіздік қызметтерінің сапасын арттыруды қажет ететін бизнес өкілдері үшін себеп болуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев пен Ертіс ауданының басшысы Аян Бейсекин мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтып берді. Облыс әкімі қалалар мен аудандардың әкімдеріне білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапкершілікті еске салды. Пандемия кезінде оқу үдерісін ұйымдастыру қазіргі таңдағы аса маңызды міндет.


Жоғары қарай