Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында 8 мыңға жуық көліктің бензиннен газға ауысуына рұқсат берілген

2020 жылдың 16 қаңтар 2020 09:05

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында 8 мыңға жуық көлік газбен жүруге рұқсат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыста газ жабдығын орнатумен айналысатын 10 фирма ғана бар. Оны орнатар алдында көлік иесі әуелі бізден рұқсат алады, содан кейін өзіне қолайлы фирманы тауып, зертханалық тексерістен өтеді. Сосын ғана хаттама мен қайта жабдықтау жөніндегі куәлік қолына тиеді. Барлық құжаттарды жинаған соң жүргізуші көлігін мамандандырылған ХҚО-ға апарып тіркеуге қояды», - деп түсіндірді Павлодар облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Мақашев.

Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 8 мыңға жуық көліктің газ жабдығын орнатуына рұқсат берілген. Көлігін қайта жабдықтаған жүргізушілер автомобиліне «ГАЗ» деген арнайы белгіні жапсырып алуы тиіс. 2020 жылдан бастап осындай белгі жапсыру дұрыс екенін ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитеті басшысының орынбасары Барат Дұзақбаев айтқан болатын. Ол ең алдымен айналадағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Сұйытылған газ қолданатын көліктерді паркинг пен жерасты автотұрақтарына қоюға өткен жылдан бері тыйым салынған.

«Көлікті қайта жабдықтауды жол полициясы автомобильдің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін және техникалық жағдайының ойдағыдай екенін растайтын ұйымдармен келіседі. Бұл процедураны мамандандырылған аккредиттелген зертхана жүргізеді. Техникалық сараптама хаттамасын беретін де сол зертхана», - деп мәлім етті әкімдіктен.

Полиция департаментінің ақпаратынша, қайта жабдықтау туралы куәліктің қорғаныс белгісі бар, сондықтан оны қолдан жасау мүмкін емес.


Басты сөздер: Павлодар облысы, Көлік,
Жоғары қарай