Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында наурыз айынан бері 108 саяжай жанып кеткен

2020 жылдың 29 маусым 2020 04:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өңірде өрт қауіптілігі жоғары кезең басталғалы бері 248 саяжай учаскесі өртке оранған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы, полковник Самат Асайынов мәлім етті.

- Өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері облыс аумағындағы саяжайларда 60 өрт оқиғасы тіркелді. Осы өрттердің салдарынан 248 саяжай учаскесі өртке оранып, 108 үй жанып, жойылып кетті. Оның ішінде 140 учаске иесіз қалған. Ең көп өрт оқиғалары облыс орталығындағы «Яблонька», «Мелиоратор» және «Металлург» саяжайларында орын алды, - деді Самат Асайынов.

Самат Асайыновтың айтуынша, «Металлург» саяжайында болған өрт әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырған. Саяжайдың шетіндегі қалың қамыс пен құрғақ шөптен шыққан от саяжай учаскелеріне тараған.

- «Металлург» саяжайының аумағы - 40 гектар, - деді Самат Асайынов. – Саяжай учаскелерінің жартысына жуығы – иесіз учаскелер. Сондықтан оларды қалың шөп басып, от тисе қаулап жануға дайын тұр. Өртеніп кеткен он бес учаскенің ішінде екеуі ғана қолданыстағы саяжай болса, қалғаны иесіз учаскелер.

Сонымен қатар, департамент басшысының м.а. саяжай кооперативінің аумағында су жоқ болғандықтан өрт сөндіру машиналарына жақын маңдағы ЖЭО-нан су тасымалдауға тура келгенін айтты.

- Облыстағы үш қаланың маңында 29 саяжай кооперативтері жұмыс істейді. Мұнда орналасқан 52 мыңнан астам учаскенің 42 проценті иесіз. Олардың нақты саны - 22217 учаске. Саяжайлардың көпшілігі Павлодар қаласында орналасқан. Барлығы 19 саяжай кооперативтінде 44 мыңға жуық учаске болса, олардың жартысына жуығы иесіз қалған. Яғни, бұл учаскелерді шөп басып, үйлері талан-таражға түскен. Екібастұз қаласындағы 7 және Ақсу қаласының маңындағы 3 саяжай кооперативінде де жағдай осыған ұқсас, - деді Самат Асайынов.

Айта кетейік, 60 өрттің 46-сы Павлодар қаласында, 10-ы Екібастұз қаласында, 4-і Ақсу қаласындағы саяжайларда орын алған. Саяжайлардағы өрттерді сөндіру кезіндегі негізгі мәселе – судың жетіспеуі. Көктемдегі өрт кезінде саяжайларға су әлі берілмеген болса, жазғы кезеңде су қысымы әлсіз болғандықтан суды автоцистерналарға құю мүмкін емес.


Жоғары қарай