Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында ұлттық санақ жүргізетін адам жетіспейді

2021 жылдың 13 қазан 2021 02:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оған жалақының төмендігі, халықтың теріс көзқарасы, сондай-ақ әлеуметтік желілерде, жергілікті пабликтерде жалақы төлемеу туралы арандатушылық жарияланымдар себеп болып отыр, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Бұл туралы ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Жахан Жәкенов облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде айтты.

- 11 қазандағы жағдай бойынша онлайн режимінде 282 мың 717 адам немесе өңір тұрғындарының 38 пайызы өткен. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз респбуликада сегізінші орында тұр. Бірінші орында 80,8 пайызбен Май ауданы мен Железин ауданы (80,5 пайыз) көш бастап тұр. Павлодар қаласында көрсеткіш төмен – 28,9, Екібастұзда – 32,4. 1 қазаннан бастап ұлттық санақ дәстүрлі - офлайн түрде басталды. 11 қазандағы жағдай бойынша 30 мың 553 адам өтті. Санаққа жататын халықтың 80%-ға жуығы Павлодар қаласында - 48,4%, Екібастұз қаласында – 20,3%, Ақсу қаласында - 9,3% шоғырланған, - деді Жахан Жәкенов.

Оның айтуынша, офлайн санақ нәтижесінің төмендігіне байланысты облыстық жоспар құрылған.

1 қазанда ұлттық санақ жүргізуге адам саны толық жасақталған және қосымша дайындалды. Бүгінде санақ жүргізетін 870 қызметкердің 530-ы ғана жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың аз қамтылуына санақ жүргізетін мамандар санының тапшылығы да әсер етуде. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында 293 адам жетпейді. Күн сайын сұхбат алушы ретінде жұмыс істеуден орташа есеппен алғанда 50 шақты адам бас тартады. Сонымен қатар 30 шақты адамның құжаттарын қабылдау жүргізіледі.

- Бірінші күндері 80 пайызы бас тартты. Себебі жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлердің тұрғындары онлайн өтетінін немесе өткенін айтқан. Қазір жағдай реттеліп келеді. Интервьюер ретінде мұғалімдерді, ПИК, ӨК, бағбаншылық ұжымдарының төрағаларын, еріктілерді тарту мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ «Павлодарэнергосбыт» ЖШС және «Павлодарводоканал» ЖШС бақылаушы қызметкерлерін тарту бойынша көмек көрсетуіңізді сұраймын. Сұхбат алушыларды ынталандыру мақсатында Екібастұз қаласында жеке секторда сауалнама жүргізу үшін қосымша ақы төлеу мәселесі шешілді, Павлодар қаласы бойынша бұл мәселе пысықталуда, - деді департамент басшысы.

Бұл ретте облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов «Педагог мәртебесі туралы» Заңды еске салып, басқа жолын қарастыруды, сондай-ақ 15 қазанға дейін ұлттық санақ бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.

- Интервьюер бас тартқан жағдайда Б, С жоспарларын қарастыру керек еді. Ұлттық санақ – 10 жылда бір рет өткізілетін маңызды шара. Интервьюер үшін онлайн форматта, тегін интернет желісіне қосылу жолын ұсынып, ынталандыру үшін бюджеттен тыс қаражат қарастыру қажет. Ең бастысы - құқық қорғау органдарының өкілдері және учаскелік инспекторамен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов.


Жоғары қарай