Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Павлодар облысында жанар-жағармай тиеген көлік апатқа ұшырады

2021 жылдың 16 қараша 2021 17:23

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласынан Шығыс Қазақстан облысына бағыт алған, 38000 литр дизель отыны құйылған бензовоз цистернасымен жолдың шетіне аударылып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кеше6 яғни 15 қараша күні сағат 22:08-де «101» пультіне Қызылорда-Павлодар тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабар келіп түскен.

- Ақсу ауданы Береке ауылының маңында цистернасы бар Ақмола өңірінің «Mercedes-Benz Actros» автокөлігі жолда ірі қара малды қағып кеткен. Оқыс оқиға салдарынан Нұр-Сұлтан қаласынан ШҚО-на 38000 литр дизель отынын апара жатқан бензовоз цистернасымен жолдың шетіне аударылған. 150 шаршы метр алаңға дизель отыны төгілді. Жүргізуші зардап шеккен жоқ, - дейді Қалқаман кентінің азаматтық қорғау капитаны, 13 өрт сөндіру бекетінің бастығы Бақберді Қағабаев.

1982 жылы туған жүргізуші алапат жарылыстың алдын алған. Ол дереу моторды сөндіріп, көлігін аккумулятордан ажыратып үлгерген.
- Оқыс оқиға орнына Қалқаман кентінің өрт сөндіру бекетінің 3 адам және 1 техникасы жұмылдырылды. Олар төгілген жанар-жағармайға арнайы көбік шашып, сол арқылы дизельдің одан әрі төгілуін жойып, бензовоздың жарылысының алдын алды. Жүргізуші мен өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді әрекеттері тас жолдағы төтенше жағдайдың алдын алды, - деді Бақберді Қағабаев.

Оқиға орнына Павлодар облысы ТЖД жеке құрамының 8 адамы, «102» қызметі шықты. Сондай-ақ Қалқаман, Ленин кенттері мен Ақсу, Екібастұз қалаларынан қалған отынды тартып шығару және цистернаны көтеру үшін 6 техника жұмылдырылды.


Жоғары қарай