Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Перзентханада қайтыс болған әйелдің өліміне қатысты полиция түсінік берді

2019 жылдың 24 шілде 2019 16:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда №1 перзентханада босанған жас әйелдің өліміне қатысты қалалық полиция департаменті түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдің өлімінен соң Алмалы аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімі ҚР ҚК 317-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

«Марқұмның туыстарының арызын күтпей тергеу жұмыстары басталды. Себебі оқиға болған күні тергеу тобы сол жерге шақырылды. Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу аясында біз олардың қорытындысын да күтетін боламыз. Содан соң адам өліміне кім айыпты екені анықталады. Егер әйелдің қайтыс болуына дәрігерлер айыпты болса, ҚР ҚК 317 бабының 1 бөлімі бойынша (медициналық қызметкерлердің функционалдық міндетін дұрыс орындамау) қылмыстық жауапқа тартылады. Жас әйелдің өліміне әкеліп соқтырған факторларды анықтау үшін сараптамалық зерттеулердің қорытындысын күту керек», - деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кету керек, қайғылы оқиға №1 перзентханада 17 шілдеде болған.

Бұл туралы Instagram желісінде қайтыс болған әйелдің сіңілісі жазды.

«Суретте менің әпкем. Дәрігерлердің жауапсыздығынан көз жұмды. №1 перзентханада 17 шілдеде түнгі сағат 3:00-дер шамасында дәрігерлер кесарь тілігін жасады. Өмірге қыз бала келді. Бірақ, анасы өзіне өзі келе алмады. Іші ауырды. Алайда дәрігерлер бәрі жақсы, бұл ауырсыну болады деп сендірді. Біраз уақыттан соң іштен қан кете бастады. Кешкі сағат 5:00-де оны қайтадан операцияға алған. Бірақ кеш болды. Әпкем қайтыс болып кетті. Артында үш баласы қалды. Біздің қайғымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес», - деді Альбина Исраилова.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға байланысты кешенді комиссия құрылғанын хабарлады.

Қазір перзентханада қызметтік тексеру жүріп жатыр.

Жоғары қарай