Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавл әскери институтын биыл Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары да бітіріп шықты

2021 жылдың 19 маусым 2021 18:58

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық ұланының Петропавл әскери институты 21-інші рет түлектерін шығарды. Биыл оқу орны 205 жас офицерге диплом берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰҰ Петропавл әскери институты баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғары әскери оқу орнын бітірген 205 түлектің жетеуі Қырғыз Республикасынан және сегізі Тәжікстан Республикасынан. Оқуды үздік аяқтаған он жас офицердің төртеуі - Арман Кенішбек, Нұрсұлтан Сүттібай, Ислам Ахметжан и Данил Ковалев «әскери жоғары оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталды. Олардың есімдері институттың Құрмет тақтасынан орын алды.

Офицерлік погондарды тапсыру рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан оның орынбасары Сәтжан Аблалиев және ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары Әлібек Сералиев қатысты. Ал ата-аналар Ұлттық ұланның «Youtube» каналы арқылы тікелей эфирден тамашалауға мүмкіндік алды.

1997 жылы негізі қаланған жоғары оқу орнына Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев Жауынгерлік Туды тапсырды. 24 жылғы тарихында институт 3746 жас офицерді даярлап шығарды, олардың 260-ы оқуды үздік бітірсе, 45-і «әскери жоғары оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталды, олар Ұлттық ұланның, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдар бөлімшелерінің офицерлер құрамының қатарын толықтырды. Институттың алғашқы түлектері қазірдің өзінде құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады, ал олардың кейбірі бас қолбасшылықта және өңірлік әскери қолбасшылықтардың штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет етеді.

«Петропавл әскери институты тек Ұлттық ұлан үшін ғана емес, республиканың басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары үшін офицер кадрлар даярлайды. Елге мықты, кәсіби даярлықтан өткен әскер керек. Мұндай әскер білікті, білімді әскери кадрлардың көмегімен жасақталады. Әскери өнердің шыңына жету үшін диплом алу жеткіліксіз. Үнемі өз-өзіңді жетілдіріп отыруың қажет. Бүгінде әскери институт өзіне артылған міндетті ойдағыдай орындап отыр», - деді ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы жөніндегі орынбасары Әлібек Сералиев.





Әскери институт жеті мамандық бойынша офицерлер даярлайды. Курсанттар сегіз кафедрада оқытылады. Институтта біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді, онда жыл сайын Ұлттық ұланның және ішкі істер органдарының офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мамандықтары бойынша қайта даярлаудан өтеді.

Әскери институттың жеке құрамы Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық өміріне, өңірдің қоғамдық тәртібін қамтамасыз етуге белсенді қатысады.





Жоғары қарай