Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавл тұрғыны пәтерінде 20 түп марихуана өсірген

2021 жылдың 3 маусым 2021 14:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғынының пәтерінен 20 түп марихуана және фитозертхананың жабдықтары табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 46 жастағы тұрғыны пәтерінде гүл егетін құмырада 20 түп марихуана өсірген. Тәртіп сақшылары оның баспанасынан фитолампа, климатты бақылайтын құрылғы және фитозертхананың басқа да жабдықтарын тапты.

Күдіктінің айтуынша, есірткіні өзі қолдану үшін үйде өсірген.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» және «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Сараптама зерттеуге берілген үлгілер құрамында каннабис тектес есірткі заттары бар өсімдік екенін көрсетті. Тамырларымен бірге жалпы массасы – 5,650 кг, бұл ірі көлемге жатады. Естеріңізге саламыз, құрамында есірткі тектес заттар бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін 2 000 АЕК дейін, яғни 5 млн 834 мың теңге айыппұл салу жазасы қарастырылған. Ең жоғары жаза – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Жыл басынан СҚО аумағында 114,5 кг астам түрлі есірткі заттары алынды, оның 1 кг 429 гр синтетикалық есірткі.


Жоғары қарай