Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавл тұрғыны полицейге жұдырық жұмсаған

2021 жылдың 18 мамыр 2021 19:40

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мас ер адам полицейлерге қарсылық білдіріп, жұдырық жұмсады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 мамыр кешкі уақытта «102» арнасына Горький көшесіндегі үйдің ауласындағы балалар алаңында мас ер адамның жүргені туралы хабарлама келіп түскен. Шақыруға жақын маңдағы автопатруль мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жаяу наряды барған. Полицейлер келген кезде құқық бұзушы қарсылық көрсетті. Дөрекі сөздер айтып, тәртіп сақшыларының біреуіне жұдырық ала ұмтылды. Полицейлерге оған кісен салуларына тура келген.

Тексеріс барысында оның Петропавлдың 38 жастағы тұрғыны екені анықталды. Құқық бұзушы бұрын бұзақылық жасағаны, суық қаруды заңсыз сақтағаны және билік өкілін қорлағаны үшін сотталған екен. Медициналық куәландыру масаңдық деңгейін көрсетті.

Ер адамға қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бойынша материал жиналып, сотқа жолданды.

«Бұдан бөлек, ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша материал жиналды. Сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Бұл бап бойынша 3 мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.


Жоғары қарай