Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Петропавлда ғимарат ішінде тұрған екі көлік жанып кетті

2019 жылдың 3 қараша 2019 19:26

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ғимарат ішінде тұрған екі көліктен өрт шығып, жарылыстың алдын алу үшін 5 техника мен 20 өрт сөндірушіні жұмылдыруға тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін, күндізгі сағат 11.30 кезінде болған. «101» телефон нөміріне Петропавл қаласының Ғ.Мүсірепов көшесіндегі 38Б мекенжайында орналасқан бір қабатты ғимаратта өрт шыққандығы туралы хабар түскен. Автокөлік ангарында автобөлшектеу қызметі көрсетілген.




Мамандар оқиға орнына жеткенде ғимарат көк түтінге оранып үлгерген. Ішіндегі екі көліктен шыққан өрт шатырға ауысқан. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін 5 арнайы техника мен 20 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Нәтижесінде мамандар жарты сағаттың ішінде өртті оқшаулады. Ал сағат 12.41-де толығымен сөндірді.




«Автокөліктердің жарылу қаупі болды. Оттек баллондарынан газ-ауа қоспасы шықты. Өртті сөндіру барысында ғимараттан 2 оттегі баллоны, 1 газ баллоны және 10 канистр – 20 литр жағармай шығарылды. Автобөлшектер, май мен шина сақталған қойманы аман алып қалдық», - дейді өрт сөндірушілер.

Алайда 2 автокөлік пен жиһаз толық жанып кетті. Одан басқа шинамонтаждау жұмыстарына қолданылатын қондырғыларға, 1 квадроциклге, ғимараттың қабырғалары мен шатырына зақым келді.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келген шығын мөлшері анықталып жатыр.







Жоғары қарай