Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда қар күреуге биыл 14 компания тартылды

2020 жылдың 19 қараша 2020 13:03

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қыс түскен жарты айдың ішінде қала сыртына 1700 текше метр қар шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Петропавл көшелерін қардан тазартуға 14 мекеме жұмылдырылған. Олар 10 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Күнделікті атқарылатын іс-шараға 65 техника бөлінді. Әзірге оның тең жартысы ғана тиісті жұмыстарды атқарып жатыр.

Техника облыс орталығын қардан аршуға сағат 22.00-де шығып, таңғы сағат 5.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал сағат 5.00 мен 7.00 аралығында көктайғаққа қарсы іс-шараларды атқарады. Қысқы маусымға 2500 тонна құм-тұз қоспасы әзірленген. Ал аялдамалар маңына «ледоруб ЭКО» реагенттері себілмек.

«Әзірге көшелерді қардан тазартуға белгілі бір уақытта ғана шығып жүрміз. Бірақ боранды күндері, қар көп жауған жағдайда жұмыс кестеміз өзгеруі мүмкін. Күндіз шығаруға кезекші техника да әзірлеп қойдық. Қала әкімдігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз», - дейді мердігер компания басшысы Бағлан Ысқақов.

Жұмысшылардың айтуынша, сағат 22.00-ден кейін қала көшелерінде қозғалыс саябырсиды. Алайда жол жиегіне қалдырылатын көліктер олардың жұмысына кедергі келтіруде.

«Облыс орталығын қардан тазарту, көшелерге құм-тұз қоспасын себу жұмыстары 25 қазаннан басталды. 14 мекемеге көшелер бөлініп берілді. Олар осы аралықта 1700 текше метр қар шығарып үлгерді. Қардың көшелерден шығарылуын, жұмыстың сапалы атқарылуын бақылауда ұстаймыз», - дейді Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.


Жоғары қарай