Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда қазақ тілінің онлайн курсы ашылды

2021 жылдың 3 наурыз 2021 13:59

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тіл үйренем деушілерге қазақ тілінің онлайн курсы басталды. Жаңа сабақтар аптасына екі рет шығып тұрмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ тілінің онлайн курсын ашуға Петропавл қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық боп отыр. Алғашқы дәріс 2 наурыз күні қалалық әкімдіктің ресми сайты арқылы көрерменге жол тартты.

«Пандемияға байланысты қазақ тілін қашықтан оқытуға көштік. Сабақтар алдын ала жазылады. Тұрғындарға негізінен күнделікті ауызекі тілде қолданылатын сөздерді үйретеміз. Жаңа дәрісті аптасына екі рет сайтқа орналастырамыз. Әр сабақта белгілі бір тақырыпты қамтимыз. Курс қазақ тілін мүлде білмейтіндерге арналған», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Әлия Бейсенова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқыда 24 сабақ жазып алынбақ. Ұстаз – Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы.

«Бұған дейін қазақ тілі курсы дәстүрлі форматта ұйымдастырылып келді. Қашықтан оқытудың артықшылығы көп деп ойлаймын. Өйткені тыңдаушылар тобын орналастыру үшін орын табу қажет. Көбі жұмыс істегендіктен курсқа келіп жүруге уақыт таппайды, сол себепті топта аз ғана адам болатын. Ал енді қазақ тілін меңгерем деушілер үйінде, жұмыста болсын, өздеріне ыңғайлы уақытта сабақты тыңдай алады. Жалпы мұндай курс қажет, бізге оны ұйымдастыруды сұрап жиі хабарласады», - дейді Әлия Бейсенова.

Былтыр қазақ тілі курстары дәстүрлі форматта ұйымдастырылды. Маманның айтуынша, 6 топ құрылып, Петропавлдың 70 тұрғыны қатысты.


Жоғары қарай