Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда көпсалалы аурухана салынып жатыр

2021 жылдың 7 шілде 2021 23:20

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда былтыр маусым айында құрылысы басталған көпсалалы аурухана келесі жылдың соңына қарай пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – «Nur Otan» фракциясының мүшелері Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода келді.

Олар «Nur Otan» партиясының облыстық сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен таныспақ.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, депутаттар құрылысы былтыр маусым айында басталған көпсалалы ауруханаға барды.

Медициналық мекеме шамамен 9,5 гектар жерге орналасады және перинаталдық, кардиологиялық, онкологиялық бөлімшелерден тұрады.

Тәулік бойғы стационарында 500-ге дейін төсек-орын болады.

Күн сайын мекеменің клиникалық-диагностикалық корпусы 1000-ға жуық адамды қабылдайды.




Корпустар алты қабатта орналасады, қосымша мұнда паркингі бар жертөле жұмыс істемек.

Облыстық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары Асхат Молжігітовтың айтуынша, мекеме жаңа жабдықтармен жабдықталады.

Жұмысқа тек Солтүстік Қазақстан облысынан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де мамандар тартылады. Ол үшін арнайы көтерме төлемдер бар.

Мұнда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері міндетті кәсіби курстардан өтеді.




«Бұл нысан аяқталып, пайдалануға берілген кезде тұрғындар ем іздеп басқа өңірлерге сабылмайды. Өйткені мұнда заманауи жабдықтар, білікті мамандар болады. Аурухана «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына енді және біз, депутаттар, атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін келдік. Жол картасында мұндай маңызды нысандар көп. Біз тек қаланы ғана емес, шалғай елді мекендерді де аралаймыз. Әр ауыл тұрғынын жол, су, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері толғандырады, біз жергілікті жерлерде жол картасының қалай орындалатынын, халықтың қандай проблемалары бар екенін біліп, кері байланыс орнатуымыз керек», - дейді Мәжіліс депутаты Ерлік Тайжанов.

Қазір көпсалалы аурухананың құрылыс алаңында жер қазу, қадалар қағу, бетон құю, еден салу, іргетасты гидрооқшаулау сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нысанда 149 адам еңбек етеді және 27 құрылыс техникасы жүр.




Бұған дейін Мәжіліс депутаттары 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Бұл нысан да «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Мекеме өз жұмысын өткен жылдың соңында бастады, мұнда 56 - екі орынды, 16 - үш орынды және 6 - бір орынды палаталар бар.

Жеке шығатын екі орындық бокстар, қарқынды терапия бөлімшесінде 20 төсек-орын және қабылдау-диагностика бөлімшесінде 5 бокс жұмыс істейді.

Ауруханада заманауи КТ, рентген және УДЗ аппараттары, клиникалық және вирусологиялық зертхана бар, covid-19 ауруына зерттеулер, ПТР-тестілеу жүргізіледі.

«Осы типтегі ауруханаларда білікті медициналық кадрлардың болуы өте маңызды. Мен бұл туралы бірнеше рет айттым. Басқа қалаларда медициналық білім алатын жастарды өңірлерге, атап айтқанда СҚО-ға тарту қажет. Ол үшін ынталандыру керек. Сондай-ақ, қазір біз жұқпалы ауру - коронавирустық инфекциямен күресті күшейтуіміз қажет. Бүгінгі таңда СҚО тұрғындарының 44 %-ы вакцинаның бірінші компонентін алды, бұл 140 мыңнан астам адам. Екінші компонентті 75 мыңнан астам адам алды», - деді мәжілісмен Дмитрий Колода.

Депутаттар сондай-ақ партияның аймақтық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті.




Кездесуде олар сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Жол карталарының орындалуын бақылау мәселелерін талқылады.

Мәжілісмендердің айтуынша, жолдарды жөндеу, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту, денсаулық сақтау, білім нысандарын салу және басқа да көптеген мәселені назарда ұстау қажет.


Жоғары қарай