Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда маскасыз рейдке шыққан шенеунік енді өзі айыппұл төлемек

2020 жылдың 7 тамыз 2020 17:42

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда карантин талаптарының орындалуына жедел әрекет ету тобы брифинг өткізіп, есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында шілде айының соңында құрылған жедел әрекет ету тобына прокурорлар, облыстық, қалалық әкімдік қызметкерлері, полицейлер, санитариялық дәрігерлер, денсаулық сақтау мамандары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және экономикалық тергеу қызметінің өкілдері кірген.

«Жедел әрекет ету тобы Ахуал орталығына түскен шағымдарды тексеруден бөлек рейдтерге жиі шығады. Көлік, қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар мен азық-түлік дүкендері, базарлар, демалыс орындары, монша-сауналар мен басқа нысандар үнемі біздің назарымызда. 184 нысан тексеріліп, соның 46-сында заңбұзушылықтар анықталды», - дейді СҚО прокурорының орынбасары, жедел әрекет ету тобының жетекшісі Мұрат Қожамқұлов.

Мәселен Ахуал орталығына «Грин парк» демалыс орнында тойдың өтіп жатқандығы туралы хабар түскен. Ақпарат расталды. Петропавл тұрғындары үйлену тойына 40 шақты қонақ шақырған. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі – қалалық ауруханалардың біріндегі провизорлық стационардың әкімгері болып шықты. Мобильді топ тойды таратып жіберді. Материал жиналып, шара қолдану үшін Петропавл қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.

Ал «Березовая роща» демалыс орнында мобильді топ 30 адамның қатысуымен болып жатқан тойдың үстінен түсті. Карантин талабын бұзғандар заң бойынша жауап берді.

«Жолаушыны шамадан тыс алған қоғамдық көлікке қатысты 6 іс қозғалды. Маска-қолғапсыз болған 4 такси жүргізушісі, рұқсатсыз жұмыс істеген 3 гүл дүкені, лотерея клубы және карантиндік шектеу күшейтілген уақытта бейберекет жүрген 4 адам, соның ішінде ұлттық гвардияның бір әскери қызметшісі анықталды», - дейді Мұрат Қожамқұлов.

Карантин талабын бұзатындардың арасында мемлекеттік қызметшілер де бар.

«Петропавлдағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі міндетін атқарған Қазиев қоғамдық көліктерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын тексеру үшін маскасыз шыққан. Бұл әлеуметтік желі қолданушыларының назарынан тыс қалмай, олар мемлекеттік қызметшінің ісіне шағымданды. Қоғамда жағымсыз пікір қалыптасты. Қазіргі уақытта бұл қызметкерге қатысты әкімшілік материал жиналды. Ол жеке тұлға емес, лауазымды тұлға ретінде жауап беретін болады», - дейді жедел әрекет ету тобының жетекшісі.

Жалпы облыс бойынша карантин талабын бұзуға қатысты 570 дерек анықталып, 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды.


Жоғары қарай