Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Петропавлда полицейлер көше көркін бұзған 1800 адамға ескерту жасады

2019 жылдың 2 шілде 2019 21:39

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда полицейлер қаланы көріктендіру тәртібін бұзғандарды анықтау мақсатында жыл басынан бері 40 шақты рейд өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары мұндай рейдтерді қалалық әкімдік өкілдерімен бірге ұйымдастырады. Мұндай іс-шаралар барысында полицейлер ұсақ құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті түсіндіріп, маңайдағы аумақты абаттандыру бойынша ұсынымдар бар жаднамалар таратып, қала тұрғындары және қонақтарымен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Өйткені мақсат - қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатовтың айтуынша, облыс орталығында полицияның 13 учаскелік пункті бар. Құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу үшін күнделікті 53 учаскелік инспектор жұмыс істейді.

«Жыл басынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы бойынша Петропавлда 1912 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 54 адамға айыппұл салынды. Қалғанына ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылды. Қала көркін бұзушылар көбіне жеке секторда анықталады. Подгора ауданында учаскелік инспекторлар жыл басынан 246 әкімшілік хаттама толтырды. Жалпы, шілде айында ғана учаскелік инспекторлар қала бойынша 366 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаса, 345 жағдайда бұзушылар ескертілді, 21 адамға айыппұл салынды», - дейді Жандос Мұқатов.

Қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыруды тәртіп сақшылары үнемі назарда ұстайды. Қоқысты тастағандарға немесе ұсақ бұзақылық жасағандарға дер кезінде әрекет ету өз жемісін беріп, қала күннен күнге көркейіп келеді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жылдың ішінде қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 30 АЕК дейін артады.

Жоғары қарай