Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда полицейлер үрлемелі матраспен көшелерде сырғанағандарды жазалайды

2020 жылдың 8 қаңтар 2020 18:53

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бір топ жас жігіт үрлемелі матрасты көліктің артына тіркеп, қала көшелерімен сырғанаған. Осылайша, жұрттың назарын аударған жастарды тәртіп сақшылары әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қаңтар күні әлеуметтік желіде бір топ жастың үрлемелі матрасты көлікке тіркеп, Петропавлдың орталық көшелерінен өткендігі жайлы ролик жарияланды. Бейнежазбадағы жастардың бейәдеп қылығы көпшіліктің талқысына түсті. Екінші күні Петропавлдың тәртіп сақшылары ролик кейіпкерлерін анықтады.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері бейнежазбадағы жастарды анықтап, Полиция басқармасына жеткізді. 19-20 жастағы жігіттер еш жерде жұмыс істемейді. Араларындағы біреуі жақында Ресейден келген екен. Матрасты сүйреген автокөлік жүргізушісі де белгілі болды. 1987 жылы туған петропавлдық бұл іске ойланбай барғанын айтып, енді опық жеп отыр.




«Жастар өздерінше әлеуметтік желі қолданушыларының көңілін көтермек болған. Бұл істерінің адам өміріне қауіпті екенін кеш түсініпті. «Ұсақ бұзақылық» және «жолаушыларды, жүкті тасымалдау барысында ережені сақтамау және Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу» баптары бойынша екі әкімшілік іс қозғалды. Қазір материалдар жиналып, сотқа жіберілді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Әлібек Ғабдуллин.

Тәртіп сақшылары танымал қалалық пабликтер мен қауымдастықтардың әкімгерлерін кез келген роликті жариялай бермеуді сұрайды. Өйткені әлеуметтік желіде түрлі жастағы адамдар отырады. Үрлемелі матраспен сырғанағандардың ісі жасөспірімдерге үлгі болуы мүмкін. Бәрін ұйымдастырып жүрген Кирилл мен Тимур өз әзілдері үшін камера алдында кешірім сұрап, басқаларды олардың ісін қайталамауды өтінді.

Былтыр СҚО-ның жолдарында 30 адам мерт болды. Көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда азайған. Десек те полицейлер «сақтансаң, сақтайды» ұстанымын естен шығармауға шақырады.


Жоғары қарай