Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Петропавлда полицияның екі жаңа модульдік бекеті ашылды

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 21:28

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру аясында екі жаңа модульдік бекет ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияның жаңа модульдік пункттері Петропавлда Былғары зауыты ауданындағы Рыжов көшесінде және «Береке» ықшам ауданында ашылды. Бір бекеттің жалпы ауданы 20 шаршы метрден асады. Модульдік бекет дербес компьютермен, стационарлық телефонмен, сыртқы және ішкі бейнекамералар қосылған бейнетіркегішпен жарақталған. Камералар модульдегі мониторларға, сондай-ақ онлайн режимінде Петропавл қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығына жалғанған.

Қала әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, бұл шаралар құқықтық тәртіпті нығайтуға септігін тигізбек. Полиция қызметкерлері заманауи бекеттерде тәулік бойы қызмет атқарады. Модульдік пункттер тұрғындардың пікірі ескеріле отыра осы ықшамаудандарда ашылды.




«Заманауи жабдықтар мен модульдік үлгідегі бекеттердің конструкциясы полиция қызметкерлерінің жұмысын ашық және мобильді етуге мүмкіндік береді. Басты міндет – азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қоюды қамтамасыз ету», - дейді модульдік бекеттің салтанатты ашылуында болған СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.




Жұмыстың бұл форматы өз тиімділігін көрсетті. Бұрын мұндай бекеттер Петропавлдағы Әуезов және Уәлиханов көшелерінде, сондай-ақ аудан орталығы Тайыншада ашылды. Бұл модульдердің кезекші қызметкерлеріне азаматтардан құқықтық тәртіптен бөлек, түрлі мәселелер бойынша өтініштер келіп түседі. Оларға айына шамамен 200-ге тарта адам жүгінеді. Жуырда облыс орталығында тағы осындай заманауи екі стационарлық бекетті ашу жоспарланып отыр.





Жоғары қарай