Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда сауда базары қала шетіне көшіріліп жатыр

2021 жылдың 21 сәуір 2021 22:56

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қала ортасында тұрған көтерме сауда базары көшіріліп, орнына бизнес класты, 18 қабатты екі тұрғын үй салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы көтерме сауда базарын қала шетіне көшіру мәселесі көптен көтерілгенімен, нақты іс енді қолға алынбақшы. Орталықта тұрған бұл сауда орнына айына 200 мыңдай адам келеді екен. Яғни мұнда үнемі сапырылысқан халық, ығы-жығы көлік.

«Базар 17 мамырдан бастап, үш аптаның ішінде көшіріледі. Жұмыс орындары сақталады. Жаңа жерге көшіреміз. Оның орнына «КZ» деп аталатын тұрғын үй кешені салынады. Бұл жерде 18 қабатты екі тұрғын үй болады. Астында екі қабатта коммерциялық нысандар, ал үйлерді екі деңгейлі автотұрақ қосатын болады. Автотұрақтың үстіне балалардың ойын алаңын орналастырамыз.





Үйлер заманауи құрылыс материалдарынан салынады. Олардың биіктігі 67 метр, яғни облыс орталығындағы ең биік ғимарат болады.

Бұған дейін Петропавлда мұндай жоғары деңгейлі баспана салынбаған. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмыс істеген тәжірибелі жобалаушыларды шақырдық», - дейді «Көтерме сауда орталығы» ЖШС жетекшісі Александр Фомин.

Тапсырыс беруші – «Барс-строй» компаниясы. Мердігер компания Нұр-Сұлтан қаласынан келіп отыр. Алдын ала келісім бойынша құрылыс 18 айға созылады. Биыл маусым айында басталып, келесі жылы желтоқсанда беріледі.

«Эскизін бекітуге ғана жарты жылымызды жұмсадық. Пәтерлер ыңғайлы болады, биіктігі – 3 метрге дейін. 16 қабатта террасасы бар пәтерлер салынады. Коммерциялық орындар, автотұрақ қарастырылған», - дейді Александр Фомин.





СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жаңа үйлердің жобаларымен танысты.

«Базарлар қаланың сыртына қарай болуы керек, бұл тұрғындарға да ыңғайлы. Бұл жерде үйлер салынғаннан кейін маңайы да көгалдандырылып, қалаға көрік береді.

Жалпы, былтыр Петропавл бойынша көп қабатты 24 үй пайдалануға берілді. 48 құрылыс алаңында жұмыс жүрді. Биыл олардың саны – 56. 340 мың шаршы метр тұрғын үй беруді жоспарлап отырмыз. Ол – 3,5 мың пәтер. Бұдан басқа ірі компанияларды тұрғын үй салуға шақырып жатырмыз. Солардың бірі «Базис А». Қазір жобалаумен айналысып жатыр, Набережный көшесінде құрылыс жүргізбек. Жас Өркен ықшам ауданының болашағы зор, ол жерде құрылыс жалғасады. Уәлиханов көшесі кеңейтіле отыра үйлер салынып жатыр, Береке ықшам ауданында 6 көп қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Биыл Копай ауданында ескі үйлерді бұзуды астаймыз. Жоба әзір», - деді Құмар Ақсақалов.








Жоғары қарай