Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда терек мамығы өрт шығуына себеп болып жатыр

2021 жылдың 8 маусым 2021 18:02

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда теректің мамығы өрт жиілеуіне себеп болып жатыр. Өрт сөндірушілер осы күнге дейін 50 шақыртуға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясы көшесі, 170 мекенжайы бойынша орналасқан жеке аулада сағат 14.05 шамасында өрт шықты. Біреулер терек мамығын өртеп, салдарынан қора-қопсы толық жанып кетті. Тұрғын үйдің шатыры мен қабырғасы зақымданды.

Сол күні кешке облыс орталығындағы Ахременко, 5 мекенжайында орналасқан гараж бен темір контейнерде өрт шықты. Олардың шатыры типография ғимаратымен бір болған. Салдарынан гаражға зақым келіп, баспахананың дүниесі жанып кетті. Бұл жолы да өрт терек мамығынан шыққан.

«Өртке қауіпті маусым басталғалы өңірде кепкен шөп, қамыстың жануына қатысты 450 өрт тіркелді. 16 орман өрті сөндірілді.

Терек мамығы өрттің көбеюіне себеп болып отыр. Соңғы күндері осындай 50 шақыртуға бардық. Екеуінде тұрғын үй мен қора-қопсы зақымданды», - дейді СҚО ТЖД басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.

Жалпы, жыл басынан облыста 327 өрт тіркеліп, 34 адам мерт болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27 %-ға көп. Келген шығын 143 млн теңгеден асады.


Жоғары қарай