Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда үш аялдаманы қиратқандар шығынды өз қалталарынан өтейді

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 17:50

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда үш аялдама павильонын қиратқан жігіттер камералардың көмегімен анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың Новопавловка кенті ауданында үш аялдама павильонының сынғанын таңертең қала тұрғындары байқап, бірден полицияға хабарлаған.

Тәртіп сақшылары бұзақыларды анықтау үшін бір апта бойы жұмыс істеді.

«Түнде қыдыратындардың бұзақылық әрекеті екендігіне еш күмәнімізболмады. Тапа-тал түсте үш бірдей аялдаманы қиратуға ешкімнің дәті бармас еді. Такси жүргізушілерінен, көңіл көтеру орындарының қызметкерлерінен жауап алынды, аталған шағын аудандағы камералардан видео зерделенді. Назарға демалыс аймағының бірінде туған күнін атап өткен жас жігіттердің тобы ілікті», - дейді Петропавл қалалық бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері.




Полиция бөліміне жеткізілген жігіттер істегендерін мойындауға асықпай, қатысы жоқтарын айтып ақталған. Алайда сол аудандағы камера мас жігіттердің өрескел әрекеттерін, аялдама павильонның шыны қабырғаларын сындырғанын тіркеген.

Петропавлдың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері келген шығынды есептеп, тергеу материалдарына қосты. Бір аялдама павильонының жалпы құны 440 мың теңгеден асады.

Бұзақылық фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Колледждің екі оқушысы мен 18-ге толмаған жасөспірімге қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.


Жоғары қарай