Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Петропавлда велосипед ұрлығы өршіп тұр

2019 жылдың 5 шілде 2019 18:57

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда велосипед ұрлығы артқандықтан, тәртіп сақшылары қала тұрғындарын мүлкіне сақ болуға шақырып, үй-үйді аралауға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаз мезгілінде велосипед, самокаттар мен гироскутерлерді ұрлаумен айналысатындардың белсенділігі артады. Маңдай термен тапқан мүлік ұрылардың оңай олжасына айналмауы үшін тәртіп сақшылары тұрғындарды сақтық шараларын күшейту қажеттігін ескертеді.

Мамандардың айтуынша, велосипедтер көбіне үйлердің кіреберісі мен дүкендердің маңынан қолды болады. Оған себеп көлік - айдап әкетуге қарсы сенімді құрылғылармен жабдықталмайды, бейне бақылау камералары жоқ жерде қалдырылады. Қылмыстың алдын алу үшін криминалдық полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға жадынамалар таратты.

«Велосипедтер сұранысқа ие, сол себепті ұрлықтың да саны артқан. Көлікті подъездің, сауда үйінің немесе банктің қасында қалдыратын болсаңыз, бейнекамераның астына қойыңыз. Бұдан бөлек, велосипед иелері көліктерінің сериялық нөмірлерін білгені жөн. Нөмір әдетте рамада немесе тепкіде жазылады. Түнгі уақытта велосипедтерді подъездерде, үйдің маңында қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз», - дейді криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Жеңісгүл Бейсембина.

Полицейлердің айтуынша, жыл басынан бері Петропавл қаласының аумағында 79 велосипед ұрлығы тіркелген. Тәртіп сақшылары ұрлық жасалған жағдайда бірден «102» нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді. Уақтылы жүгінген жағдайда, ұрыны ізін суытпай ұстауға мүмкіндік бар.

Жоғары қарай