Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда волонтерлердің көмегімен қылмысқа күдікті 56 адам ұсталды

2020 жылдың 6 қазан 2020 07:46

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицияның көмекшісі – волонтерлік отрядтың бес мүшесі марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасы жанынан волонтерлік отряд биыл қаңтар айында құрылды. Қазір оның 60-тан астам мүшесі бар. Олар негізінен колледж оқушылары мен университет студенттері және түлектері.

«Волонтерлердің көмегі орасан. Олар оқудан бос уақытта учаскелік полиция пунктеріне келіп көмектеседі. Санитарлық нормаларды сақтауға шақырған арнайы акциялар кезінде буклеттер мен жеке қорғаныш құралдарын таратты. Қалалық басқарма жанынан құрылған волонтерлер отряды аптасына 7 күн, 24 сағат жұмыс істейді десем, артық айтқандық емес. Олардан басқа жоғалған адамдарды іздеп табуға бізге «Lider.kz» волонтерлік қозғалысы және есірткімен күресте «Қамқор» клубы жәрдемдеседі», - дейді СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.




Волонтерлік отрядтың қатысуымен соңғы тоғыз айдың ішінде 46 қылмыс ашылды. Күдікті 56 адам ұсталды. Жастар 825 түрлі әкімшілік құқықбұзушылықты ашуға көмектесіп, 845 тәртіп бұзушыны полиция басқармасына жеткізді.

Волонтерлердің өлшеусіз еңбегі ескерусіз қалмады. Полиция бөліністерінің кезекті тарату жиынында Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов бес волонтерге департамент бастығының атынан алғыс хат табыс етті.

«Алина Дружина, Лариса Зуева, Ксения Томилова, Александра Алина және Сәбит Болатовтың әрқайсы соңғы бірнеше ай бойы полиция қызметкерлеріне зор көмек көрсетті. Олардың жұмысы әсіресе төтенше жағдай мен карантин қатаңдатылған уақытта көзге түсті. Жастар жалғызбасты қарттарға емханалардан дәрі-дәрмек жеткізді», - дейді ішкі істер органдарының ардагері, волонтерлер отрядының командирі Петр Аксенов.








Жоғары қарай