Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда жазушы Иван Шуховтың жәдігерлері қойылған көрме өтуде

2021 жылдың 26 тамыз 2021 17:29

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда белгілі жазушы, аудармашы Иван Шуховтың 115 жылдық мерейтойына орай жеке заттарының және қолжазба-күнделіктерінің көрмесі жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрме Петропавлдағы Абылай хан резиденциясы музей-кешенінде ашылды. Көрермен назарына Жамбыл ауданының орталығы Пресновкадағы Иван Шухов әдеби-мемориалдық музей-үйінен әкелінген жәдігерлер қойылды. Ішінде жазушының көзілдірігі, қол сөмкесі, баспа машинасы, қолжазба күнделіктері мен көптеген фотосуреттер бар.

«Ішіндегі ең қызықты экспонаттардың бірі деп жазушының қолмен жазған күнделіктерін айтуға болады. Сондай-ақ 1931 жылы жарыққа шыққан «Горькая линия» және 1932 жылы басылған «Ненависть» кітаптарының алғашқы басылымдары қойылған. Иван Шуховтың еңбектері бірнеше шет тілге – француз, румын, украин тілдеріне және қазақшаға да аударылған. Өзі де аудармамен айналысқан. Жерлес жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповпен дос болған, олардың еңбектерін орысшалаған», - дейді «Абылай хан резиденциясы» музей-кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекова.

Қазақстандық суретші Анатолий Бургаевтың картинасы соған дәлел. Суретте үш жазушының әңгімелесіп отырған мамыражай сәті бейнеленген.

«Иван Шухов «Пресновские страницы» деген кітабында Ғабит Мүсірепов және Сәбит Мұқановпен қалай танысқаны жайлы айтады. Бала күнінде жазушы әкесі Петр Семеновичпен бірге көрші ауылға барады. Сол жерде ойнап жүріп балалармен келіспей, төбелесіп қалады. Болашақ жазушылардың достығы осылай басталған екен», - дейді Әсемгүл Қыдбекова.

Иван Петрович Шухов 1906 жылы 31 шілдеде СҚО Жамбыл ауданы Пресновка ауылында туған. 1977 жылы 71 жасында Алматыда қайтыс болды. 1981 жылы туған ауылында, жазушы тұрған үйде әдеби-мемориалдық музей-үйі ашылды.

Ал жазушының мерейтойына арналған Петропавлдағы көрме апта соңына дейін жұмыс істемек.


Жоғары қарай