Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Петропавлда жүргізуші автотұрақта тұрған үш көлікті қақты

2020 жылдың 30 шілде 2020 22:55

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көлік жүргізушісі қарсы келе жатқан көлікпен қақтығыстан қашып, автотұрақта тұрған 3 машинаны зақымдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік апаты 29 шілде күні сағат 21.00 шамасында болған. Петропавлдағы Жамбыл Жабаев және Партизан көшелерінің қиылысында ВАЗ-21099 көлігінің жүргізушісі қарсы беттен кеп қалған «Nissan Qashqai» көлігімен соқтығысуан қашып, рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан тротуарға шығып кетіп, тұрақта тұрған көліктерге соғылған.

ВАЗ көлігіндегі екі жолаушы дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді. Ал автотұрақта тұрған екі «Toyota Land Cruiser» және «Hyundai» көліктеріне зақым келді.

Көлік апатына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Екі көліктің жүргізушісі де мас болмаған. Жиналған материал Петропавл қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотына жіберіледі.

Сол күні бір сағаттан кейін тағы да сол қиылыста «Audi» машинасы бір бағытта келе жатқан «Mitsubishi Galant» көлігімен соғылды.

«Бұл қиылысқа бір ай бұрын «Мираж» автоматтандырылған жүйесі орнатылған. Өйткені көлік апаттары жиі тіркеледі. Жүйе жылдамдықты асырғандарды және бағдаршамның қызыл түсіне өткендерді тіркейді. Бір айдың ішінде жылдамдықты асырудың 60 дерегі тіркелді. Жалпы Петропавлда мұндай автоматтандырылған жүйе 7 қиылысқа қойылған. Басты мақсат – көлік жүргізушілерін тәртіпке шақыру», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.

Жыл басынан облыста 98 көлік апаты тіркелді. Салдарынан 13 адам мерт болса, 129-ы жарақат алған.


Жоғары қарай