Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Полицейлерге еңбек демалысын беруге тыйым салынды – министр ТЖ режимі туралы

2020 жылдың 17 наурыз 2020 19:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғамдық тәртіпті сақтау мен ауқымды алдын алу шараларына байланысты, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтып берді.

«Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне еңбек демалысын беруге, қызмет бабынан тыс сапарлауға тыйым салынды. Қызметтік іссапарлар шектелді. Азаматтық қорғаудың барлық бөлімшелері ТЖ режиміне ауыстырылды. Халыққа хабар беру жүйесі әзірленді», - деді министр «Хабар 24» телеарнасындағы үндеуде.

Сонымен бірге, министр науқастардың карантиннен қашу оқиғасы тіркелгенін баяндады.

«Өкінішке қарай, карантиннен қашу немесе коронавирус жұқтырғандардың кіммен байланыста болғанын айтудан бас тарту оқиғалары болды. Бұл адамдарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда. Мұның барлығы азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін жасалып жатыр», - деді Е. Тұрғымбаев.

Бұған дейін ведомство басшысы 8 мыңнан астам полицейдің қоғамдық тәртіпті сақтауға атсатылысып жатқанын жеткізген еді.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 33-ге жетті: Алматыда – 15 адам, елордада – 18 адам.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізіледі.


Жоғары қарай