Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Полиция ақтөбеліктің көлігі мен үйінен 7 келіге жуық марихуана тәркіледі

2021 жылдың 2 маусым 2021 11:28

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлері «Дәрмек» жедел-алдын алу шарасы кезінде 44 жастағы қала тұрғынын ұстады. Оның көлігі мен үйінен 6,8 келі марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарымен «Дәрмек» жедел - алдын алу іс-шарасын өткізді. Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы бойында 44 жастағы ақтөбеліктің басқаруындағы «Тоyota Camry» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында автокөліктен өсімдік тектес заттары бар 33 полиэтилен орамасы салынған дорба тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат салмағы шамамен 1,5 келі марихуана болып шықты.

«Бруно» атты қызметтік-іздестіру ит көмегімен жалдамалы пәтерде тінту жүргізілді. Мұнда салмағы 5 келіден асатын марихуана табылды. Бәрі 84 полиэтилен пакетіне оралған. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 6,8 келі. Бұл шамамен 7 мыңнан астам бір реттік доза болады. Құны 4,5 млн теңге.


«Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің «Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен заңсыз айналысу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Нашақорлықтың алдын алу, құқық қорғау денсаулық сақтау және білім беру органдары жұмысының бір бөлігі. Жыл сайын облыста полицейлердің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай - ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіледі», - дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Жоғары қарай