Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Полиция бөлімшелері бейнебақылаумен қашан толық қамтылады

2021 жылдың 25 қазан 2021 15:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін елімізде полиция бөлімшелері толықтай бейнебақылау камераларымен қамтылатын болады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ішкі істер министрлігіне пенитенциарлық мекемелер мен полиция бөлімшелерін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы орайда биыл жыл соңына дейін еліміздегі барлық полиция бөлімшелеріне бейнебақылау жүйесін орнатуды көздеп отырмыз. Нәтижесінде 16 658 бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Ендігі уақытта полиция қызметкерлерінің өздері де бейнебақылауда болады. Тәртіп сақшыларының қызметі ашық болса, халықтан келіп түсеті шағым саны да азая түседі», - деді Сәкен Сәрсенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр орынбасары 2023 жылға дейін елдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері толықтай бейнебақылау камерасымен қамтылатынын алға тартты.

«Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жалпы саны 33 966 бейнебақылау камерасы орнатылады. Биыл 29 мекемеге 12 966 бейнебақылау камерасы орнатылып, қалған мекемелер 2023 жылға дейін толық қамтамасыз етіледі. Бейнебақылау камералары ең алдымен, түрмедегі адамдардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мекеме әкімшілігі мен қызметкерлерінің жұмысын алыстан қадағалауға мүмкіндік береді», - дейді ол.


Жоғары қарай