Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Премьер-Министр: Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 10:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу мен азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда ол тиісті тапсырмалар жүктеді.

«Халықаралық астық нарығында қалыптасып отырған конъюнктураны ескеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорының жеткілікті болуы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингті жалғастыруы қажет. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру механизімін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу практикасын барлық өңірлерде енгізуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин.

Мұнымен қоса, Премьер-Министр азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктерге импортқа тәуелді тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды басым тәртіппен іске асыруды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе, картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы бағасын өсіруге жол бермеуі қажет. Елдің барлық қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету үшін олар жеткілікті көлемде өндіріледі. Әкімдер осы мәселені ерекше бақылауға алсын», - деді ол.


Жоғары қарай