Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Премьер-Министр Hyundai автомобильдерін құрастыру зауытының ашылуына қатысты

2020 жылдың 15 қазан 2020 15:43

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Hyundai автомобильдерін құрастыру зауытының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Телекөпір форматында өткен зауыттың ашылу салтанатына Корея Республикасының сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, «Hyundai Motor Company» президенті Ли Вон және «Astana Group» президенті Н.Смағұлов қатысты.





Зауыт әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологиялары мен экологиялық стандарттар талаптарын ескере отырып салынған.

Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлікті, екінші кезеңде жылына 45 мың бірлікке дейін құрайды. Инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден асады.





Шектес салаларды ескере отырып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Алдағы уақытта автокомпоненттер шығаратын зауыт ашу көзделген, бұл 51%-дан астам жергіліктендіруді қамтамасыз етуге және ТМД елдеріне экспортқа шығуға мүмкіндік береді. «2020 жылдың 9 айында автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі 50%-дан астамға ұлғайды. Бұл сала жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.





Премьер-Министр Алматы қаласында Hyundai автомобиль өндірісінің ашылуы автомобиль өнеркәсібінің әлемдегі аса ірі көшбасшыларының бірі «Hyundai Motor Company» компаниясымен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтудің, сондай-ақ Қазақстанның Корея Республикасымен жемісті ынтымақтастығын тереңдетудің көрнекті үлгісі бола алатынын атап өтті. Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Алматы қаласындағы ЖЭО-2 аралап, онда электр станциясын жаңғырту және газға ауыстыру тұжырымдамасымен танысты.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Премьер-Министрге Қазақстанда экологиялық туризмді дамыту жобалары таныстырылды. А. Мамин Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) және қаланың басқа да көлік және тұрғын үй инфрақұрылымы нысандарының құрылысымен танысты, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мекемелері — «Halyk Arena»-дағы инфекциялық стационарға, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «MEIIRIM» оңалту орталығына және Ш. Уәлиханов атындағы мектепке барды. 2020 жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Алматы қаласында өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 3,2%-ға 712,2 млрд теңгеге дейін, негізгі капиталға инвестициялар 12,5%-ға 608,2 млрд теңгеге дейін, құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9%-ға (248,5 млрд теңгеге), пайдалануға берілген тұрғын үй аумағы 8%-ға (1,47 млн ш.м. астам) өсті.






Жоғары қарай