Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Премьер-Министр құрылыс маусымында жол жұмыстарын үздіксіз жүргізуді тапсырды

2022 жылдың 17 мамыр 2022 13:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жол құрылысы жұмыстарын үздіксіз жүргізуді және жоспарланған аумақта ақылы жүйені толық енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Индустрия министрлігі әкімдіктермен, ҚазАвтоЖолмен бірлесіп, жоспарланған жобаларды уақытында пайдалануға беруді және бөлінген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етуі қажет. Құрылыс маусымын барынша тиімді пайдалану өте маңызды. Екіншіден, құрылыс жұмыстарын үзіліссіз жүргізу үшін Энергетика министрлігі мен «ҚазақстанТемірЖолы» құрылыс компанияларын қажетті мөлшерде битуммен және инертті материалдарды жеткізу үшін теміржол вагондарымен қамтамасыз етуі керек», - деп атап өтті Ә. Смайылов Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, Индустрия министрлігі жыл соңына дейін автожолдардың жоспарланған учаскелерінде ақы төлеуді енгізіп, өзін-өзі қамтамасыз етуге көшіру жұмысын аяқтауы қажет. Бұл автожолдарды нормативтік жағдайда күтіп-ұстауға мүмкіндік береді.

«Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізіп, 2026 жылға қарай олардың барлығын Ұлттық стандартқа сәйкестендіру керек. Сондықтан әкімдіктер ҚазАвтоЖолмен бірлесіп, қызмет көрсету нысандарын салу үшін автожолдар бойынан жер беріп, осы бағытты дамытуды жандандырсын. Ұлттық экономика министрлігі Қаржы және Индустрия министрліктерімен бірлесіп, бекітілген жобалық-сметалық құнынан асатын жобаларды қосымша қаржыландыру тетігін әзірлеуі керек», - деп тапсырма берді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Ә. Смайлов 2022 жылы республикалық маңызы бар жолдардың 91% және жергілікті жолдардың 85%-ы қалыпты күйде болатынын айтқан еді.

Оның айтуынша, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-ші орында тұр.


Жоғары қарай