Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Премьер-Министр өңірлердегі инфляция мәселесіне назар аударуды тапсырды

2019 жылдың 13 желтоқсан 2019 10:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет отырысында өңірлердегі инфляция мәселесіне назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қаласында көрсеткіштер республикалық орташа деңгейден жоғары. Сонымен бірге, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Жезқазған қалаларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары өсуде. Бақыт Тұрлыханұлы бұған қатысты не айтар едіңіз», - деді Премьер-Министр Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа қарата айтқан сөзінде.

Аталмыш мәселеге қатысты Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар бірқатар тауардың бағасы 10 пайызға өскенін айтты.

«Бұл жағынан жергілікті атқарушы органдарда барлық мүмкіндіктер бар. Бағалардың рұқсат етілген шекті мәндерін бекіту туралы құқықтары заңда белгіленген. Бірақ, жылдың басынан бері қарасақ, 66 позиция бойынша бағаның 15 пайызға өскені байқалуда. Бірақ, бірде-бір жағдайда тиісті міндеттемелердің орындалмағанын көріп отырмыз. Бұл туралы жергілікті атқарушы органдарға өткен айда да айтылды. Бірақ, дегенмен нәтиже жоқ. Сондықтан, жылдың аяғына дейін тиісті тапсырма берілді. Қосымша нәтижесін қарастырғаннан кейін тиісті шешімді қабылдауды ұсынамыз», - деді ол.

Бақыт Сұлтановтың сөзін сенсек, делдалдар да мәселені қиындатып тұр.

«Осы уақытқа дейін 8 іс қана қозғалған. Бірақ, бұның барлығы өндірушілерге қатысты қозғалған істер. Ал делдалдарға қатысты ешқандай шара қолданылмай келеді. Сол себепті, жергілікті атқарушы органдар салық органдарымен, бәсекелестікті қорғау комитетімен бірге делдалдар бойынша нақты жұмысты жүргізу керек болады», - деді министр.

Өз кезегінде Үкімет басшысы азық-түлік пен тауардың қымбаттау мәселесі Мемлекет басшысының төрағалымен өтетін Үкіметтің алдағы отырысында қаралатынын атап өтті.

Жоғары қарай