Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Президент халық, ұлт, мектеп және балалар туралы...

2020 жылдың 17 мамыр 2020 09:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел есінде сақталған таңдаулы цитаталарын ұсынады.

Халық пен ұлт туралы...

Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиіс екеніміз сөзсіз...

Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік...




Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр. Әрине, Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз де болмауы тиіс. Олардың барлығы өз тілін оқып, қолдануға, мәдениетін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқығы бар және болып та қала береді.

Сабақтастық жайлы...




Ұлт көшбасшысы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді. Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды. Екінші ұстанымым – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Үшінші ұстанымым – тек алға басу, даму жолымен жүру. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық...

Ең алдымен, мен «транзит» деген сөзге қарсымын. Сондықтан ресейлік телеарнаға сұхбат бергенімде қазақша транзиттің не екені жайында сөз қозғадым. Транзит дегеніміз не? Мен сонда транзиттік жолаушы болмаса жолсерікпін бе? Мен өзімді Қазақстан Республикасының толыққанды Президентімін деп санаймын. Мен жолсерік те, транзитер де емеспін. Пойызды не болмаса ұшақты ауыстырайын, басқа жылжымалы құралға отырайын деп тұрғаным жоқ. Транзит деген сөзді доғарайық.

«Екіұдайылық» жайында...




Түрлі сәуегейлік жасаушылар бұрын да болған, қазір де, кейін де бола береді. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Тағы да қайталап айтамын, бұл ең алдымен, Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Және мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы...




Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз.

Соның арқасында, сан алуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным, жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады.

Мемлекет болашағына қатысты мәселе бойынша алауыздыққа жол беруге болмайды.

Біз оң өзгерістерді билік пен қоғамның ортақ келісімі және сындарлы іс-әрекеті арқылы ғана жүзеге асыра аламыз.

Парламенттік оппозиция туралы...




Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты балама көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек.

Жемқорлықпен күрес жайлы...

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек. Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ. Кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиіс.

Шенеуніктер туралы...




Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.

Мектеп және балалар туралы...




Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Шын мәнінде біз шетелден келген жалған діни стереотиптерді емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз тиіс. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола, балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайларға жол бермеу керек.

Әкесі жайлы...




Әкемнің бала кезінен тағдыры қиын болды. Ерте жетім қалды. Балалар үйінде, содан кейін интернатта тәрбиеленді. Көп уақыт өтпей соғыс басталды. Соғыс ол үшін тағы да батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Ол соғыста көп қиындықты басынан өткерді, оның үрейлі сынағынан өтті. Қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді. Әйтсе де әкем басқа майдангерлер сияқты соғыс туралы, әсіресе өзінің ерлігі мен марапаттары туралы айтуды ұнатпайтын. Өзінің сезімі, жаумен алғаш бетпе-бет келуі, жауынгерлердің ерлігі, батырлығы және Жеңіспен үйге оралуы жайлы өзінің «Солдат соғысқа кетті» атты өмірбаяндық кітабында айтып берді.

Әкесінің кітаптары жайлы…




Әкемнің кітаптары оның мінез-құлқынан хабар беретіндей көрінеді. Ол байсалды, салиқалы адам еді. Әкемнің қолжазбаларынан оған тән ұқыптылық пен орнықтылық сезілетін.

Соғыс пен жеңіс жайында…




Соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген жүздеген өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда мыңдаған отандасымыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ауыл халқы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін аянбай тер төкті.

Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық.





Фото: www.akorda.kz, novoetv.kz


Басты сөздер: Қазақстан Президенті,
Жоғары қарай