Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент шөлді аймақта ауыл шаруашылығын дамыту ұсынысын енгізуді тапсырды

2021 жылдың 22 қыркүйек 2021 19:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін құдық қазуға бөлінетін субсидияны 80 пайызға дейін көбейту қажет. Бұл туралы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде жаппай мал шығынына алып келген қуаңшылық мәселесіне қатысты көзқарасын білдіріп, мұқтаж фермерлерге көмек көрсету кезінде шенеуніктердің сылбырлығын сынға алған.

Мемлекет басшысының айтуынша, облыс әкімдігі мен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен бөлінген тиісті қаражат қиналған шаруаларға мезгілінде жетпеген.

«Құдық қазуға бөлінетін субсидия 80-нен 50 пайызға дейін қысқарған болатын. Үкіметке бұл шешімді қайта қарауды тапсырамын. Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін өтемақы мөлшерін қайтадан 80 пайызға дейін көбейту қажет. Құзырлы министрлік шөлді аймақта ауыл шаруашылығын дамыту үшін ұсыныс енгізсін. Оның ғылыми негізі болуы шарт. Халықаралық озық тәжірибені, соның ішінде Израильдің тәсілін зерттеңіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ҚР Президенті заңсыз балық аулау әрекеттерінің көбейіп кеткенін тағы бір өзекті проблема ретінде атап, мұның қудалаумен ғана шешілмейтінін ескерткен. Балық өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасау керек деп есептейтіндігін баса айтқан.


Жоғары қарай