Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент тапсырмасы: Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

2019 жылдың 30 қыркүйек 2019 17:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова таныстырды.

Оның айтуынша, тұжырымдама азаматтық қоғамды қолдау және нығайту, өзекті әлеуметтік міндеттерді шешу, көппартиялылықты дамыту, саяси бәсекелестікті және елдегі пікір алуандығын алға жылжыту шараларын көздейді.

«Тұжырымдама жобасын төрт басымдық бойынша іске асыру болжануда. Бірінші басымдық - азаматтық қоғам саласындағы заңнаманы жетілдіру, үкіметтік емес қызметті құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған 3 міндет пен 9 бастаманы іске асыруды қамтиды. Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту, волонтерлік және қайырымдылық қызметті, қоғамдық кеңестер қызметін жетілдіру, саяси партияларға қатысты заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, БАҚ және медиация институтын жетілдіру тақырыптары көтерілген», - деді Ә. Ғалымова елордада Тұжырымдаманың таныстырылымы барысында.

Бірінші басымдық бойынша, азаматтық қоғам саласындағы 11 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған.

«Атап айтқанда, коммерциялық емес ұйымдар, әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қаржыландыру тақырыптарын қамтиды. Волонтерлар жылы аясында волонтерлік қызмет туралы заңға түзетулер әзірленеді. 2015 жылы қабылданған қайырымдылық қызмет туралы заңды да жетілдіруді бастадық. Қоғамдық кеңестер туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу заңы Парламент Мәжілісіне енгізіледі», - деді ол.

Екінші басымдық - мемлекеттік міндеттерді шешуде ҮЕҰ рөлін күшейту, волонтерлік пен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған 3 міндет пен 9 бастама іске асырылады. Бұл басымдық аясында үкіметтік емес ұйымдарды кәсібилендіруге, оның бәсекеге қабілеттігін арттыруға баса назар аударылады. Бұл үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтардың қатысуымен өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ҮЕҰ тұрақты дамыту мақсаттарын имплементациялау жұмыстары жоспарлануда.

«Үшінші басымдық, халықтың өзекті проблемаларын шешуде мемлекеттің азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет қағидаттарына сәйкес, азаматтардың шешімдері мен мемлекеттік құжаттарды әзірлеуге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Төртінші басымдық - қоғамдық-саяси жаңғыртуда заңнаманы либерализациялау, көппартиялылықты, саяси плюрализмді дамыту жөнінде шаралар қабылданады», - деді Әлия Ғалымова.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы жыл соңына дейін қабылданады.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қоғамға қолдау білдіруді тапсырған болатын.

19 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғам тұжырымдамасының әзірленіп жатқанын хабарлады.

Жоғары қарай