Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент тапсырмасы: Жамбылда қоймалар саны артып, жем-шөп қызу дайындалуда

2021 жылдың 20 шілде 2021 07:31

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жем-шөп дайындау, егістікті сумен қамтуға қатысты нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына барып, бірқатар жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы алдымен Бетқайнар ауылдық округінде орналасқан «Алмаз» шаруа қожалығының қоймаларын аралап көрді. Жұмабек Әшкенұлы жетекшілік ететін шаруа қожалық бүгінгі таңда аяғына нық тұрып, ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосуда.


Биыл 200 гектарға күздік бидай, 200 гектарға дәндік жүгері, 50 гектарға жаздық арпа және 40 гектарға пияз еккенін айтқан қожалық басшысы бірнеше жылдан бері көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймалар салып жатқанын баяндады. Қожалықта 15 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Қазіргі таңда 4 қоймамыз бар. Әр қойманың сыйымдылығы – 2000-2500 тонна. Өткен жылы өзіміздің және аудандағы басқа да шаруа қожалықтардың пиязын сақтадық. Алдағы уақытта әр жыл сайын бір қоймадан салып, жалпы санын онға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді Ж.Әшкенұлы.


Бүгінде аудан бойынша көкөніс сақтайтын, жалпы сыйымдылығы 40300 тоннаны құрайтын 32 қойма бар. Аймақ басшысы аудандағы қоймалардың санын арттырып, олардың сыйымдылығын 100 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының тұрақтандыруда да айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы Жамбыл облысы бойынша 233 көкөніс қоймасы бар десек, онда 243,4 мың тонна өнім сақтауға болады. Аудандар мен Тараз қаласындағы осындай қоймалар саны мен сыйымдылығын еселей түсу бойынша да нақты шаралар қабылдануда. Қазірдің өзінде өңірде қосымша үш қойманың құрылысы қолға алынған.


Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Степное ауылдық округіне барып, жоңышқа, жүгері алқабын аралады. Ауылдық округте қазір жиын-терін науқаны қыза түсіп, қысқы мал азығын қамдау жұмыстары қарқынды жүруде. Ауылдық округ әкімі Жүсіпбек Спанов шаруашылықтардың егістік алқаптарының басынан тайланған шөптің бір түгі 1300-1500 теңгенің көлемінде сатылып жатқанын айтты.

«Қазір арқаны кеңге салып жүрсеңіздер, қыста зардабын өздеріңіз тартасыздар. Сондықтан арық-атыздардың, өзен-көлдердің жағасындағы шөптің барлығын орып алыңыздар. Одан кейін егіс алқаптарындағы масақтарды да ұқыптап жинап алу керек»,– деді Б.Сапарбаев.

Ал аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаевтың сөзіне сүйенсек, мал қыстауын қалыпты өткізу үшін жалпы аудан бойынша 471000 тонна шөп дайындау қажет. Қазіргі таңда оның 70 пайызы дайындалып үлгерген.

«Бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір ауылдардағы шаруашылықтарға дайындалған жем-шөпті көрші облыстарға сатпау бойынша аудан әкімінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал, қажетті жем-шөп қорын дайындауға мүмкіндіктері жоқ жеке қосалқы шаруашылықтарға аудандағы ірі шаруа қожалықтары жеткізіп беруде», –дейді Ә.Қаспақбаев.

Сондай-ақ, ауданда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әр ауылдық округтерде жұмысшы тобы құрылып, жеке үйлерді зерделеу арқылы кімге қанша шөп жетпейтіні анықталуда екен.

Аудан бойынша 39,4 мың гектар суармалы жер бар. Судың тапшылығы білінгенімен, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қордай филиалының бөлімшесінің мамандарымен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде аудан әкімінің қаулысымен штаб құрылып, кесте жасалып, кезең-кезеңімен шаруа қожалықтарға су берілуде.

Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары Қырғыз Республикасының Чу облысы, Иссык Ата ауданында орналасқан «Чумыш» су торабында жалғасты. Аймақ басшысы вегетациялық кезеңде су тапшылығын туындатпау аса маңызды екенін баса айтып, сол бойынша аудан әкіміне жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.


Жоғары қарай