Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президенттік кадр резервінің жеңімпазы: бұл жоба қабілетті жастарды қанаттандырады

2020 жылдың 30 шілде 2020 14:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы қолға алынған «Президенттік жастар кадр резерві» жобасының мақсаты – елге еңбек етіп, өз ісінің шебері атанған талантты жастарды анықтау. Алғашқы байқаудың нәтижесінде 300 отандасымыз көптен оза шығып, үздік атанды. Соның бірі «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ фронт кеңсесінің бірінші вице-президенті Шынасыл Ерназар ҚазАқпарат тілшісіне аталған жобаға қатысудың ерекшелігі мен өзінің еңбек жолы туралы айтып берді.

«Президенттік жастар кадр резервіне конкурс арқылы ендім. Аталған жоба туралы өткен жылдың тамыз айында жаңалықтардан естіп, қыркүйек айында құжат тапсырдым. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік тапсырмаларды орындайтын жас мамандар тобының жасақталатыны мені қызықтырды. Содан қатысуға бел будым. Байқаудың әрбір кезеңінен өту мен үшін маңызды болды. Өйткені, сынақ өте қиын, бірақ бәрі ашық түрде өтті. Яғни кез келген азамат байқаудың өту барысымен ашық таныса алды. 2019 жылдың желтоқсан айында «президенттік жастар кадр резевріне өттіңіз» деген SMS хабарлама келгенде өте қуандым. Жоба мемлекетке қызмет етіп, елге пайдамды тигізем деуші талантты жастарға арналған, бұл - жақсы мүмкіндік», - деді Шынасыл Ерназар.

Оның айтуынша, президенттік жастар кадр резерві жобасы жастардың адал еңбек етіп, қызметтік өсуі барысында ерекше рөл атқарады.

«Жоғары білімге келсек, алдымен БАӘ-де қаржыгер мамандығын игердім. Одан соң елге келіп, елордадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде МВА бойынша білімімді жетілдірдім. Жұмыс барысы туралы айтсам, мен мемлекеттік қызметте болған емеспін, дегенмен квазимемлекеттік компанияда еңбек еттім. Менің жұмысымның ерекшелігі сол, біздің сала мемлекет пен бизнес арасындағы көпір қызметін атқарады. Біздің елде қазір қалай? Не мемлекетке жұмыс істейсің, не болмаса кәсіп қылып өз-өзіңе жұмыс істейсің. Ал біздің мақсат – осы екі жақты бір-бірімен байланыстырып, өзара ынтымақтастығына ықпал ету. Сонымен бірге біз жеке инвесторлармен жұмыс істеп, олардың мемлекетке көмектесуін ұйымдастырамыз», - деді ол.

Сондай-ақ, жоба жеңімпазы өзінің еңбек жолына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Менің алғашқы еңбек өтілім, қазіргі күні өзім вице-президент болып отырған ұйымда тағылымгер болудан басталды. Ол 2013 жыл болатын, содан бері міне 7 жыл бойы осы жерде қызмет етіп келемін. Бір қызығы, мен бастапқыда осы жерге штаттан тыс қызметкер болып кіріп, алғашқы 3-4 ай тегін жұмыс істедім. Содан бергі еңбектің арқасында бүгінгі дәрежеге жеттім», - деді Ш. Ерназар.


Жоғары қарай