Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

QazTrade пен Astana ХҚО отандық экспортты бірлесіп ілгерілетпекші

2021 жылдың 29 тамыз 2021 18:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық экспортты ілгерілетуге жауапты QazTrade компаниясы мен Astana халықаралық қаржы орталығы меморандум жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook -тегі парақшасында жазды.

«Осы аптада біздің экспортты ілгерілету бағытында жұмыс істейтін операторымыз – QazTrade компаниясы Astana халықаралық қаржы орталығымен меморандумға қол қойды. Енді экспорттық бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», - деп жазды министр.

Оның айтуына қарағанда, екі мекеменің мамандары сыртқы нарық саласында білім алмасып, отандыө тауарды ілгерілету мүмкіндіктерін біріктірмекші.

«Біз электронды сауда, биржалық сауда, нарыққа шығу сияқты салалардағы құзыреттіліктерімізді біріктіреміз. Мысалы, QazTrade Fintech Hub Acceleration Program резиденттерін халықаралық сауда алаңдарына шығаруға көмектессе, Astana халықаралық қаржы орталығы тауар биржаларының жұмысы, тауарларды жеткізу тізбектері туралы мәліметтерді жинауға көмектеседі», - деп жазады ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай Қазақстанның шикізаттық емес экспортын екі есеге арттырып, көлемін 41 млрд долларға жеткізу туралы міндет қойғанын еске салады.

«Біз бұл істе ірі бизнеске ғана емес, шағын және орта бизнеске де баса назар аударатынымызды нақтылағым келеді. Қазір сыртқы нарықтарға шыққысы келетін шағын өндірістер көбейіп келеді. Мысалы, ет өнімдерін өндіруші компания алғаш рет бірден бірнеше бағыт бойынша, олар: Орталық Азия, Иран, Парсы шығанағы, Қытайға шығуды жоспарлап отыр.

Экспорттық әлеуетіне сеніп отырған бал, киім, гигиена құралдары, сөмке өндірушілері бар. Мұның бәрі «орта бизнес» санатына жататын кәсіпорындар. Біздің міндетіміз – соларға көмектесу. Жақында экспорттық «Акселерация-2021» бағдарламасына өтінімдер қабылдау аяқталды. Оның аясында 350 компанияның ішінен 100 кәсіпорынды іріктеу жоспарлануда. Іріктеу нәтидесін қыркүйектің екінші жартысында айта аламын», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуныша, елімізде экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың 20-дан астам құралы жұмыс істейді. Жыл сайын олардың көлемі, бағыттары мен сапасы бизнестің қажеттіліктеріне және нарықтардағы ағымдағы жағдайға сәйкес жетіліп келе жатыр.

«QazTrade-тің Astana халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастығы экспортқа бағдарланған өндірістерге инвестициялар тартуға септігін тигізеді. Мен шетелде инвесторлармен кездескен кезде көбі Astana халықаралық қаржы орталығы құқығы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігіне қызығушылық танытып жатады. Кейбір бизнес өкілдері Қазақстанды өз тауарын Қытайға немесе Ресейге экспорттайтын қақпа ретінде қарастырады және сол үшін жөндіріс ошағын орнатқысы келеді. Оның ішінде «Қорғас», шекара маңындағы индустриялық сауда-логистикалық хабтарға қызығушылығы жоғары», - деп жазады Сауда және интеграция министрі.


Жоғары қарай