Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

QazVac-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеуге америкалықтар көмектеспек

2021 жылдың 16 желтоқсан 2021 00:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – QazVac-ты ДДҰ-да тіркеуге америкалықтар да атсалыспақшы. Бұл туралы коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны жасаушы ғылыми топтың жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкария айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында біз ресми делегациямен Швейцарияда болдық. Сол жерде m3 GROUPE деген ірі компаниямен келісімшартқа отырдық. Бұлардың бізге беретін көмегі – вакцинамызды әуелі Швейцарияда, әрі қарай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және келесі жылдың басынан бастап Африка және Латын Америкасы елдеріне апарып сату. Яғни, бұйырса, вакцинамызды экспортқа шығарайық деп отырмыз. Ал бүгін таңертең америкалық үлкен делегациямен кездестік. Сыртқы істер министрлігінде кеңейтілген жиналыс болды. Сол жерде олар QazVac-ты ДДСҰ-да тіркеуге көмек береміз дегенді айтты. Сондықтан да бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сыртқы істер министрлігі үлкен көмек беріп отыр», - деді ғалым «Хабар 24» телеарнасынан берілетін «Анығын айтқанда» хабарында.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры қазақстандық QazVac пен ресейлік «Спутник V» екпелерін бір-бірімен салыстыру қате екенін айтты.

«Екеуі екі түрлі технологиямен жасалған. Бұларды салыстыруға болмайды. Біздікі инактивтелген. Яғни, оның ішінде вирус толығымен алынған. Бүкіл ақуыздар ішінде сақталған. Тек қана химиялық затпен өлтірілген. Ал «Спутник V» - векторлық вакцина. Онда белгілі бір вирустың кішкене бір бөлігін алады да, векторға салып ішке өткізеді. Мүлде ұқсамайтын екі технология. Оларды бір-бірімен салыстыруға болмайды, салыстыруға келмейді», - деді Күнсұлу Зәкария.

Жоғары қарай