Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Рахым Ошақбаев:  Мемлекет басшысының жауаптыларды сынауы барлық жағынан әділ болды

2020 жылдың 10 шілде 2020 18:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев МӘМС қорын қысқартып, қаражатты мемлекеттік бюджетке қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі отырыс туралы айтар болсақ, ең басты қорытынды – Президент нақты түрде мемлекеттік аппараттың коронавирус пандемиясымен күресте қауқарсыздық танытып отырғанын айтты. Біз, яғни Қазақстан халқы осы олқылықтың зардабын көріп отырмыз. Бір айдан бері өзіңіз көріп отырғандай бізде қолжетімді ПТР тест те жол қойылған жоқ. Ауру белгісі бар болсын, жоқ болсын – халық ПТР тест өткізе алатындай жүйе реттелмеген. Дәрі-дәрмекті сатып алуда да проблема бар. Ақпараттық хаос сипатында да проблема еңсерілмей келеді. Қалай емделу керек, не істеу керек – түсініксіз. Қазір бүкіл ел осы аптада Елена Малышеваның хаттамасымен емделіп кетті. Болмаса қытай дәрісін іздеу үстінде. Ал біздің хаттаманы қайта-қайта өзгере берді», - дейді Рахым Ошақбаев.

Сарапшының айтуына қарағанда Денсаулық сақтау министрлігі осылайша халықпен коммуникациялық байланыс жасау тұрғысынан қателік жіберген.

«Сонымен бірге статистикаға байланысты үлкен мәселе барын көріп отырсыз. Ол шынайы емес. Ол туралы ірі сарапшылар да айта бастады. Күні кеше экономист Сергей Гуриевпен дөңгелек үстел өткізген кезде ол да Қазақстанның мәліметіне сенбейтінін жеткізді. Расында да, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы тіпті статистикалық мәліметтердің қорын да жинай алмағанын көріп отырмыз. Қазір осы сұрақ айналып келіп министрліктің қазіргі басшылығына қойылуда. Ол да (Алексей Цой) жөнді жауап бере қойған жоқ. Яғни біздің елде коронавирус пен пневмониядан қанша адамның қайтыс болғанын нақты білмейміз», - деді ол.

Рахым Ошақбаев осылайша базалық функциялардың өзі ретті сипатта жүргізілмей, қазір бәріміз де уақыт өткізіп алдық дейді. Сарапшының сөзінше, осының салдарынан көктемгі екі айлық карантин айтарлықтай нәтиже бермеген.

«Мемлекет басшысының бүгін жауаптыларды осылай сынаудан басқа амалы да қалмады. Дәл осындай жағдайда квазимемлекеттік қор басшыларының «қымбат өмірі» әлбетте халықтың ашу-ызасын одан ары үдете түседі. Сондықтан МӘМС қорының басшысының отставкаға кетуі – өте әділетті шешім», - дейді ол.

Сарапшы 2017 жылы осы қорлар құрылған кезде-ақ бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен болған дебатын еске алды.

«Ол кезде осы қорлардың құрылуына қатаң сынға алып едім. Қордың қымбат кеңселері мен көліктері, жоғары айлықтарын, есеп беру істерінің аздығын айтқан едік. Өкінішке қарай МӘМС қорының қазір де пайдасы жоқ. Медициналық қызметтер төлемі комитетінің бұрынғы функцияларын орындап қана отыр. Бірақ ол міндетті айтарлықтай қымбатқа жүргізуде. 200 адамдық ұжымды ұстап тұру үшін 3 жылда 13 млрд теңге кеткен. Түсінесіз бе? Сол себепті қазір меніңше қорды қысқартып, зиянды реформадан бас тарту керек. Ол реформа іске асырылмады. Мүмкін де емес еді. Мәселен сізде жұмыс берушімен еңбек келісімшарты бар. Ол арқылы МӘМС қорына ақша аударылады. Ал сіз сол қордың көмегін сезіндіңіз бе? Ешкім де байқамады да. Қазір денсаулыққа жұмсап жатқан ақшаның бәрі қалтамыздан шығып жатыр. Түк пайдасы жоқ. Ақшаны бюджетке қайтару керек. Бұрынғы комитетті қайтарып, қаражатты қатаң қадағалауға алу керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген бүгінгі отырысында ӘМС қоры мен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырған болатын.

«Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС қоры мен «СК Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Жоғары қарай