Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Реалити шоу: Түркістандық жастар алма теріп, қой қырқып, картоп қазудан өзара бәсекеге түсті

2020 жылдың 13 қазан 2020 01:57

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандық жастар екі күндерін ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуға арнады. «Ауылдағы бір күнім» телевизиялық реалити-шоуы аясында белсенді де, өнерлі волонтерлер «Мал мен егін – көл-көсір өнім» сайысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жобаға 16 аудан-қаладан екі жастан қатысып, олар жеребе бойынша төрт командаға бөлінді. Сайыстың алғашқы күні Қазығұрт ауданындағы бақтан алма теріп, жігіттер қой қырықты. Сауран ауылдық округінде картоп қазып, оны жинап жарысты. Әрі қарай мақта теріп, жалпы салмағы назарға алынды. Екі күн бойы ауыр да әрі қызықты жұмыстар бойынша сайысқа түскен жас волонтерлер жарыс соңында интеллектуалдылық жағынан сынға түсті. Қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдары бойынша білімдерін байқатты.

«Бұл - жастарды еңбекке баулуға арналған жақсы жоба. Ата кәсіптің жандануы мен ауыл шаруашылығындағы инновациялық даму, шаруашылыққа жаңа технологияларды ендіру - ендігі жастардың еншісінде. Қазақстан келешекте әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзінің табиғи ресурстарына сай, лайық орын алады деп сенеміз. Осы мақсатта жастар да өз үлестерін қосады деген үміттеміз» -, деді облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Амалбек Өміртай.




Жастар екі күн бойы нағыз ауыл өмірін сезініп, өздерінің еңбекке қабілеттіліктерін дәлелдеді. Нәтижесінде бас жүлде «Тұран» тобына бұйырды. Жеңімпаз жастарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.







Жоғары қарай