Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Ресейлік компаниядан зардап шеккен фермерлерге көмек көрсетіледі – министрлік

2020 жылдың 24 маусым 2020 21:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ресейлік «КамАгро» Сауда үйі» компаниясының қазақстандық 16 фермерге мал жеткізуі төңірегіндегі мәселеге байланысты мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство фермерлер шеттен малды жеткізу операторын өздері таңдағанын, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі мен оның еншілес ұйымдарының қатысуынсыз жасалғанын мәлімдеді.

«ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларынан несие қаражатын алғаннан кейін, қазақстандық фермерлер «КамАгро» компаниясымен Чехия мен Польшадан 1 269 ірі қара малын жеткізу туралы келісім жасасқан.

«Ары қарай келісімшарттық міндеттемелерге сәйкес, фермерлер «КамАгроға» келісімшарт сомасынан орта есеппен 89 пайыз аванс жіберген. 1269 бас ірі қара малдың тек бір бөлігі ғана жеткізілген. Сонымен қатар, қазақстандық фермерлер Ресейдің «КамАгро» компаниясына мүйізді ірі қара малдың асыл тұқымы туралы шағым түсіріп отыр, яғни асыл тұқымды малдың орнына, саудалық мал жеткізілген», - делінген ҚР АШМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазақстан Республикасының «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңына сәйкес, асыл тұқымды малдың мәртебесін тәуелсіз аккредиттелген қоғамдық ұйымдар белгілейді. Осы орайда ұйым Чехия мен Польшадан «КамАгро» әкелген малдың тұқымдық мәртебесін растамаған.

«Орын алған жағдайға байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері фермерлермен бірге Қазан қаласына барып, Татарстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің алаңында бірнеше рет келіссөздер өткізді. Сонымен қатар, Чехия Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарымен және Чехия Республикасының Қазақстандағы Елшісімен кездесулер ұйымдастырды. Осы кездесулердің және Татарстанның құқық қорғау органдарымен өзара жұмыс жүргізудің нәтижесінде, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің мүдделері үшін қылмыстық іс қозғауға қол жеткізді», - деп аталып өткен таратылған мәліметте.

Қазіргі уақытта министрлік 16 қазақстандық фермердің проблемаларын шешу үшін барлық шараларды қабылдауда.

«ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларына зардап шеккен фермерлерге төлемді кейінге қалдыру және сыйақыны 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтата тұру ұсынылды. Барлық айыппұлдар да алынып тасталады.

Бұл мәселе ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қадағалауына алынып, 16 фермерге тұрақты кеңес беріліп, арнайы мамандар бекітілді. Осы орайда үнемі бақылау жүргізіледі және барлық келіп түскен өтініштер жеке қарастырылады.


Жоғары қарай