Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Риддерде өрттен зардап шеккендерге жаңа тұрғын үйлердің кілті табысталды

2021 жылдың 22 шілде 2021 03:15

НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат - Риддердегі орман өртінен зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы Үкімет белгілеген мерзімнен бұрын аяқталды, деп хабарлайды ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Көктемде Риддерде жалпы ауданы 290 гектарды шарпыған өрт болып, соның салдарынан 272 гектар орман мен 30-дан астам тұрғын үй жанып кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөніндегі жұмысты жеке бақылауына алды. Ал, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «Ботаника» ауданынан зардап шеккендерге арналған бір қабатты 30 үй және жергілікті көпбалалы отбасылар үшін тағы 2 үй салуды тапсырды.

24 мамыр күні ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин өрттен зардап шеккендермен кездескен болатын. Сол кезде ол үйлердің құрылысын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырып еді. Бірақ, жүргізілген қарқынды жұмыстың нәтижесінде құрылыс мерзімнен бұрын аяқталды. Сонымен қатар, барлық жаңадан қоныстанушыларға алдын ала орнатылған ас үй жиһазы сыйлық ретінде берілді.




Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша, ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов өрттен зардап шеккен 11 отбасы мен көпбалалы бір отбасына үйдің кілттерін табыстады. Қалған 20 отбасы жаңа үйлеріне жақын уақытта кіреді.

Жаңа тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімінен кейін А.Мұхамедчинов жаңа қоныстанушыларды Құрбан айт мейрамымен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, бірлік пен бақ-береке тіледі.


























Жоғары қарай